420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Израильге тоқтау салдыру үшін араб елдері бірігуі тиіс - Ливан саясаткері

  • 1557
  • UPD: 20:49, 21.01.2019

Өткен түні Израильдің әуе күштері Сирия аумағын зымыранмен атқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан осы елдің 4 әскери қызметкері ажал құшты, тағы алтауы жараланған. Бірақ Израиль әскері «көздегеніміз Шам емес, ондағы Иранның күштері» деген уәж айтады.

Израильдің көздегені не? Шам елінің шамына тию ме, әлде расында Иранға тіс қайрап отыр ма?

Ресми мәлімдемеге сүйенсек, Сириядағы Иран күштері Голан төбелеріне зымыран атқылаған. Сондықтан Израиль қарымта жауап ретінде осындай қадамға барды.

Сонымен, түнгі сағат 02:00 мен 03:00 аралығында Израильдің әскери әуе күші Сирияның батысы, оңтүстік батысы мен оңтүстік аймағына үш рет соққы жасады. Израильдің қорғаныс әскерінің ресми сайтында әуе соққыларының межелеген жері нақты көрсетілген. «Твиттердегі» мәлімдемеге сәйкес, шабуыл ирандық Әл-Кудс әскери нысандарына бағытталған. Атап айтқанда, Дамаскідегі халықаралық әуежай маңындағы ирандық барлау орталығы, оқу-жаттығу лагері мен қару-жарақ қоймалары нысанаға алынды. Бұған дейін Израильдің қорғаныс әскері Сириядағы Иран күштері шабуылды бірінші болып бастағанын алға тартқан.

Сондай-ақ, Израильдің қорғаныс әскері Иран күштері бұған дейін Голан төбелеріне зымыран жіберіп, өңірге қауіп төндіргендіктен осындай қадамға барғанын жеткізді. Ал елдің президенті өз кезегінде жаудың әр қадамы жазасыз қалмайтынын айтты.

Реувен Ривлин, Израиль президенті:

- Бұл әуе соққылары Сирия жеріндегі Иран күштерінің кеше бізге жасаған шабуылына берер жауабымыз. Бізге бағыттаған шабуылдар Иран әскерінің Сирия аумағында күш жинағанының айқын белгісі. Қайткен күнде де, біз бұған жол бере алмаймыз. Таяу Шығыста Иран күшінің бекінуі аймақтағы жағдайды ушықтырады. Халықаралық қауымдастық бұны жақсы түсінуі тиіс.

Сириялық араб жаңалықтары агенттігінің хабарлауынша, елдің әскери әуе қорғанысы Израиль жіберген зымырандардың түгел дерлігін қайтарған. Нәтижесінде, 30 зымыран мен басқарылатын әуе бомбаларының көзі жойылды. Осыдан бір күн бұрын, «Бук» және «Панцирь» зымыран кешендерінің көмегімен Дамаскідегі әуежайға жасалған әуе соққысы қайтарылып, 7 зымыранның көзі жойылғаны туралы хабарланған.

Әуе соққыларының салдарынан көз жұмғандар туралы түрлі ақпар таралып жатыр. Мәселен, Ресейдің қорғаныс басқармасының мәліметі бойынша шабуылдан 4 әскери қаза тапқан. Ал, британдық ақпарат көздеріне сүйенген Al Arabiya телеарнасы 11 адамның ажал құшқанын хабарлайды. Сонымен қатар, Дамаскідегі халықаралық әуежайдың инфрақұрылымына зақым келген.

Естеріңізге сала кетсек, Сириядағы Иран күштері үкіметтің әскеріне сыртқы жаумен күресуге көмек көрсетеді. Бұған наразы Израиль мен АҚШ ирандық күштердің Шам елінен кетуін талап етуде. Әсіресе, Хезболла қозғалысына өштескен ресми Тель-Авив әу бастан-ақ әскери қимылдарды бір сәтке де тоқтатпайтынын мәлімдеген. Осылайша, Тегеранмен әріптестік құрған Хезболланың көзін құртпайынша райынан қайтпайтынын аңғартты. Сондықтан көрші Сирия еліндегі Иран күшінің бекінуіне жол бермейтіні анық.

Ливан депутаты Әли Әсейран бұл мәселеге қатысты ойын білдірген еді. Саясаткердің пікірінше, соғыстан зардап шеккен Сирияға көмек қолын созғанның орнына, Изарильдің әуеден соққы бергені дұрыс болмады. Бұл ретте, жаһан елдері Израильге тоқтау салдыру үшін араб елдері бірігуі тиіс. Ливандық депутат бұл ойын БҰҰ-ға қаратып айтқан сыңайлы.

Хабар 24 телеарнасы