428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайда ЖІӨ 90 трлн юаньнан асқан

  • 2298
  • UPD: 23:48, 23.01.2019

2018 жылы Қытай экономикасының өсу қарқыны баяулап, 6,6% процент болды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Елдің жалпы ішкі өнімі 90 трлн юаньнан асқан. АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай дамуының бәсеңдеуін сауда соғысымен байланыстырды. Өзінің Twitter-дегі парақшасында ол «Ресми Бейжің сауда соғысында бұлғаққа салмай, нақты келісімге келу керек» деп жазды.

Әлемдік қаржы дағдарысынан кейін Қытайдың жалпы ішкі өнімі сылбырлық танытты. Үшінші тоқсанда көрсеткіш 6,5-тен 6,4 процентке төмендеді. «Жаңа саясат пен АҚШ-пен арадағы сауда соғысының әсерінен елдің экономикасы 1990 жылдардағы көрсеткішке түсті. Қытайға бұл ойындарды қойып, ымыраға келу өте маңызды», – деді Ақ үй басшысы Дональд Трамп өз Twitter-інде. 

Лю Баочэнь, Халықаралық бизнес және экономика университетінің профессоры:

- Трамп жеңдім деп ойлай берсін. Оның солай ойлағына да бізге керек. Жаңа президент ретінде осы айтқандарымен мақтансын. Оның осындай бет-бейнесі әлем үшін де, Қытай үшін де жаман емес.

Лю Баочэнь «Қытай нарығы кеңейіп, жылдан-жылға жетіліп келеді. Мемлекет қазір технология мен индустрияны өркендетіп, ортақ өндірістік желілер құрып жатыр. Бұл дамушы басқа да елдерге жаңа мүмкіндіктер ашады», – дейді. Сондықтан болашақта АҚШ-тың Қытайға деген тәуелділігі де арта береді деген пікірде. Ал мемлекеттік статистика басқармасы 2018 жылы қолайсыз факторларға қарамастан Қытайдың әлеуметтік-экономикалық даму бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізгенін айтып отыр.

Нин Цзичжэ, ҚХР мемлекеттік статистика басқармасының басшысы:

- 2018 жылы сыртқы қолайсыз факторлар көп болса да, Қытай экономикасының дамуы тұрақты болды, оңалыс бар. Әлеумет пен экономиканың негізгі салалары бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткіздік.

Қытай үшін дамудың басты факторы ішкі тұтыну болып қала бермек. Елдің ЖІӨ байланысты жарияланған мәліметтер инвесторлар үшін тосын жаңалық болмады. Олар 2019 жылы ұлттық экономиканы қолдаймыз деген Қытай үкіметінің уәдесін күтіп, сақтық танытып жүр.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы