428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда «Ақылды қала» тұжырымдамасы мақұлданды

  • 1944
  • UPD: 22:18, 24.01.2019

Өзбекстан үкіметі цифрландыру бағытына бет бұрды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде «Ақылды қала» технологиясын енгізу жөніндегі тұжырымдама мақұлданды. «Бұл жоба Ташкент қаласы мен аудан, тіпті шағын елді мекен проблемаларын да тиімді шешуге негіз болады», - дейді сала мамандары.

Ташкент - халқы ең тығыз орналасқан қалалардың бірі. Көлік нөпірі де көп. Көне шаһарға ауылдан қоныс аударушылар қарасы да жыл санап артып келеді. Тиісінше, қала аумағы кеңейген сайын ифрақұрылымға деген сұраныс та артады. «Ақылды қала» жобасы тұрғындардың өмір сүру деңгейін инновациялық технологияларды қолдану арқылы жақсартып, үнемшілдікке үйрететін бірден бір жоба болмақ.

Үкімет мақұлдаған «Ақылды қала» жобасы негізгі он бағытты қамтиды. Олар қоғамдық көліктен бастап, білім, медицина, энергетика, құрылыс, ауызсу, үй мен «ақылды» әкімдік жобасы. Ең соңғысы «Ақылды махалла» деп аталады. Өзбекстанда жалпы кез келген шағын ауданда ақылдастар алқасы құрылған. Онда әкіммен бірге учаскелік инспектор тіпті сол ауданнан сайланған депутаттар да отырады. Барлық мәселе сол жерде ортаға салынып, шешім қабылданады. Оған қоса, қариялар тентегін тезге салып түзейді. «Жаңа жүйе өзін өзі басқару органдарын одан әрі жетілдіріп, өзкеті мәселені шешуге негіз болады», - дейді әкімдіктегілер

Нурмамат Нурматов, Ташкент қаласы Яшнабад ауданы «Семурғ» махалла комиетінің төрағасы:

- Біз халықпен тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеуіміз керек. Олардың тіршілігінен толық хабардар болуымыз керек. Қандай іс ашып, еңбек еткісі келсе, біз көмектесуге дайын тұрамыз. Әрбір адам кәсіпкер деген мүмкіндіктер беріліп жатыр. Жастарымызды жұмыспен қамту басты мақсат болып отыр. Енді жаңа жүйе ендіру арқылы ел басшысы халықтың әл-ауқатын арттыруға бар күш-жігерін жұмсап келеді.

Махалла жанынан сегіз бірдей жұмысшы топ құрылған. «Оның ішіндегі «Ата аналар университеті» теңдесі жоқ орталық», - дейді әкімдіктегілер. Жаңа құрылым бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлі, оларға рухани және моральдық қолдау, педагогикалық және психологиялық кеңестер берумен айналысады. Ұйым жастардың сапалы білім алуынан бастап, мамандардың жұмысқа орналасуына да жауапты. Тіпті өз алдына іс ашып, бизнеспен айналысам деген жандарға да қол ұшын созады. Бір сөзбен айтқанда, әкімдіктер барлық жағдайдан хабардар. «Тек ендігі жерде қағаздағы құжатты электрондық нұсқаға айналдырсақ болды», - дейді мамандар.

Мунира Тілләходжаева, Ташкент қаласы яшнабад ауданы «семурғ» махалла комитеті әйелдер кеңесінің төрайымы:

- Басты мақсатымыз - шағын ауданымызда тұратын көмекке мұқтаж қыз-келіншектерге көмек беру. Оларды жұмыспен қамту. Науқас азаматтарды бақылауға алып, оларды қадағалау - негізгі міндетіміз. Біз әрбір отбасына кіріп, олардың жағдайымен жақынырақ танысып, оларға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен үкімет қарарларын хабарлап отырамыз. Денсаулығы мен үй-жай мәселесі бірінші кезекте тұрады.

Ташкентте «Ақылды үй» бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлер мен аулаларға жаппай бейне бақылау камералары орнатылып, көшелер толықтай жарықтандырылып жатыр. Қоғамдық көліктерге бақылау құрылғылары орнатылмақ. Коммуналдық қызмет түгелдей электронды жүйеге көшеді. Тіпті «ақылды» аялдамалар салынып жатыр. «Қоғамдық орындардағы бақылаудың күшеюі мен жаппай инновациялық техникалардың ендірілуі қылмыстың алдын алуға негіз болып отыр», - дейді тәртіп сақшылары.

Отажан Жураев, Ташкент қаласы яшнабад ауданы «семурғ»махалласының учаскелік инспекторы:

- Ішкі істер басқармасы қауіпсіздік мәслелерін сақтау бойынша көптеген жаңа құрылғылар ендірді. Байланыс құралынан бастап кейбір құрылғылар толықтай заман талабына сай келеді. Заманауи IPAD телефон жүйесімен қамтамасыз етілген. GPS-қондырғысы орнатылған. Әрбір құқық қорғау қызметкерінің іс әрекеті сол құрылғы арқылы бақыланады. Барлығы арнайы бағдарлама енгізілген байланыс құралымен қамтылған. Сол арқылы мәлімет алып отырады. Бұл жалпы қылмыстың алдын алуға негіз болады.

Өзбекстан үкіметі «Ақылды қала» тұжырымдамасы негізінде ел экономикасын ілгерілетуге ғана емес, ғылым мен өндірісті ұштастыруға да ерекше мән беріп отыр.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков. Зафар Халилов

Хабар 24 телеарнасы