419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ангулемде әлем бойынша ең ауқымды комикстер фестивалі өтіп жатыр

  • 1452
  • UPD: 10:59, 26.01.2019

Францияның Ангулем қаласында әлем бойынша ең ауқымды комикстер фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұйымдастырушылар алдағы күндері осы шараны тамашалауға 200 мың көрермен келеді деп болжап отыр. Францияда комикстердің орны бөлек, тіпті оны мектеп бағдарламасына да қосатын болды.

Ангулем комикстер фестивалінің жарты ғасырлық тарихы бар. Жыл сайын мұнда әлемнің әр қиырынан осы саланың жүздеген әуесқойы жиналады. Францияның комикстер нарығы дүниежүзі бойынша Жапониядан кейінгі екінші орында тұр. Жылдық табысы жарты миллиард еуродан асады. Негізгі тұтынушылары - жасөспірімдер. Сол себептен ел билігі үшін комикстердің қыр-сырын білу өте маңызды. Франция білім беру министрінің пікірінше, комикстер өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мен өсіп-жетілуіне оң әсер етеді.

Жан-Мишель Бланкер, Франция білім беру министрі:

Мәселен, осы аймақта және жалпы Гаранта департаментінде оқу орындары комикстерге уақыт бөлуін ынталандырып жүрміз. Сондай-ақ жоғары мектеп жасына арналған реформаға байланысты өнер саласында мамандануды енгізе бастадық. Енді оқу орындары өз қалауы бойынша комикстер бағытын таңдай алады. 

Францияда комикстерді өнердің тоғызыншы түрі деп атайды. Әйгілі Диснейде аниматор болып істеген Лоренцо Киавини балаларды осы өнерге ерте жасынан үйрету керек деп санайды. Фестивальде ол өзінің балаларға арналған комикстер салу оқулығын ұсынды.

Лоренцо Киавини, сурет салу оқулығының авторы:

- Комикстер - бұл сурет салуға үйретудің негізі, сондай-ақ ол әңгіме айтуға, ойын жинақтап, анық жеткізуге үйретеді. Бұған «балалардың даму деңгейі жеткіліксіз» деп санамаңдар, керісінше оларды әңгіме айту мен ойын суретпен білдіруге үйрету үшін бүкіл ақпарат беру қажет.

«Технология дамыған заманда комиктердің болашағы бұлыңғыр»,- дейді көбісі.  Алайда фестивальге қатысушылар, өнердің бұл түрі ешқашан жойылмайды деп сенеді.

Этьен Симон, фестивальға қатысушы:

- Болашаққа сенімім зор, себебі комикстер - бейнелеу өнерінің бір бөлігі. Бүгінде комикстер дамып, виртуалды әлемге көшіп барады. Сондықтан болашағы бар, суреттер бүкіл халыққа түсінікті.

Ангулем - Францияның анимациялық астанасы саналады. Қала қонақтарын бұл күндері вокзалда ең әйгілі комикс кейіпкерлері қарсы алып жүр. Комикс-марафон 4 күнге жалғасып, «Алтын мысық» жүлде марапатымен аяқталады. Бұл - осы саланың Оскары іспеттес.

Авторлары: Әлия Сыздыкова, Бекман Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы