377,19 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Париж тұрғындары тұрмыстық қалдықтарын қайта өңдеуге тырысқан

  • 824
  • UPD: 23:48, 26.01.2019

Франция астанасында қызық бір экологиялық тәжірибенің нәтижесі қорытындыланды.

Парижде тұратын 30 отбасы 4 ай бойы тұрмыстық қалдықтарын қайта өңдеуге тырысқан.

Соңғы 15 аптада Бертилон отбасының тұрмысы күрт өзгерді. Алис енді азық-түлікті тек базардан алатын болды және оған өз ыдысымен барады. Жуғыш заттарды сатып алмай, өзі дайындайды және күн сайын тастайтын қоқыстың салмағын өлшеп жүр. 

Алис Бертилон, шараға қатысушы:

- Қаражатымыз үнемделе бастады. Аз тұтынсақ та сапасы жоғары өнімдерді алатын болдық. Қалдықтарымыз да азайды. Сатып алған өнімдерді қайта пайдаланудың немесе қайта өңдеудің тәсілдерін үнемі іздеп жүреміз. Қоқысқа тастайтын қалдықтарымызды өлшейтіндіктен, не сатып алып жүргенімізге назар аударатын болдық. 

Алис секілді тағы 30 ерікті тұрмыстық қалдықтарын мүмкіндігінше азайтуға тырысқан. Париж мэриясы мен климат агенттігі олардың ас бөлмелерін мынадай құралмен жабдықтаған. Оған тамақ қалдықтарымен бірге картон да салынады, сосын одан тыңайтқыш өңделеді. Бүкіл ереже сақтаса, иісі түк шықпайды екен.  

Антуанетт Гюль, Париж мэрінің орынбасары:

- Бүгінде біз қоқыс шелектеріне биоқалдықтарды шығарып, оны қайта өңдеуге жіберу керектігін түсінеміз. Бұл жаңа экономикалық байланыстарды орнатуға мүмкіндік берумен қатар қаладағы саябақтар мен бақшалардың жерін тыңайтады. Сонымен қатар азық-түлік ысырапына жол бермейміз. 

Орта есеппен Парижде тұратын бір отбасы күніне бір келі қоқыс тастайды екен. Шараға қатысушылар бұл көрсеткішті 25 пайызға қысқартты. Өкімет өкілдерінің есебінше, бұл тәжірибені бүкіл қала тұрғындары меңгерсе, жылына 10 мың тоннадан астам қоқыстың азаятын түрі бар. Салыстырып көрсек, бұл Эйфель мұнарасының салмағынан 10 есе көп. 

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы