376,09 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Париждегі атақты сән үйлері қоршаған ортаға зиян келтірмейтін киімдер шығармақ

  • 1252
  • UPD: 10:04, 30.01.2019

Париждегі әйгілі сән апталығы жаңа жобаны қолға алып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар енді қоршаған ортаға зиян келтірмейтін киімдерді шығармақшы. Әлемнің ең танымал брендтеріне бұдан былай осындай талап қойылуы мүмкін. Өйткені сән саласы экологияға ең көп зиян келтіретін көрінеді.  

Сәнді киім байқауларына қарап, бұл әлем бойынша қоршаған ортаны ең көп ластайтын салалардың бірі екеніне сену қиын. Киім мен әшекейлерді өндірушілер жылына ауаға бір миллиард тоннадан аса газ шығарады екен. Бұл бүкіл халықаралық әуе рейстері мен теңіз кемелерінен шығатын газ мөлшерінен асып түседі.

Антуанетт Гюль, Париж мэрінің орынбасары:

– Бұл – Парижде сән киім саласында істейтін бүкіл кәсіпорындардың қозғалысы, қаламызды табиғатқа жауапты мода орталығына айналдырғысы келеді. Мақсат – сән киім саласының экологиялық және әлеуметтік жауапкершілігін арттыру.

Әлемдегі ең танымал сән үйлері Парижде орналасқан. Ұйымдастырушылар оларды өз шарасына тартуға ниетті. Жалпы елде экологиядан хабары бар дизайнерлердің жаңа буынын тәрбиелеу мақсатымен мектептерде арнайы жоба енгізілді. Сондай-ақ табиғатқа қамқорлық көрсететін брендтер үшін арнайы сыйақылар тағайындалады. 

Изабелль Лёфор, «Рaris good fashion» қауымдастығының жетекшісі:

– Ұзақ уақыт бойы сән саласы бұл мәселеден қауіптенетін. Себебі олар қоршаған ортаны ластағаны үшін айыппұл мен қосымша салықтар салынатынынан қорқатын. Бірақ бүгін жағдай өзгеріп барады. Бүкіл әлем бойынша тұтынушылар, әсіресе жастар тұрақты дамуға көңіл бөліп жүр, мода саласы да бұдан тыс қалған жоқ.

Бір жылдан кейін шара ұйымдастырушылары подиумдарда тек экологиялық трендтерді көргісі келетіндерін айтты. Әлемдегі ең ірі нарықтардың бірін өз еркіне көндіру тек Париждың қолынан келетін түрі бар.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Бекхан Тепсаев

Хабар 24 телеарнасы