424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлыбританияның гуманитарлық агенттіктері Йемендегі жағдайға алаңдаушылық білдірді

  • 1291
  • UPD: 10:09, 30.01.2019

Бес жылдан бері қақтығыстан көз ашпаған йеменде гуманитарлық дағдарыс жайлаған.

Бірқатар ұйым өкілдері Йемендегі жағдайды талқылау үшін Лондонда бас қосты.

Лондонда жиылған 14 гуманитарлық ұйымның өкілдері Йемен халқының әл-ауқатын жақсартуға атсалыспақ ниетте.

Себебі бес жылға созылған соғыста 10 мыңнан астам адам ажал құшты. Гуманитарлық дағдарыс белең алып барады.

Кимберли Браун, британдық қызыл кресттің өкілі:

– Әлем бойынша алып қарасақ, Йемендегі гуманитарлық жағдай ең мүшкіл саналады. Сол себепті 14 агенттік жиылып, жаһан назарын осы мәселеге аударғымыз келді. Йемендіктердің хал-ахуалына алаңдаулымыз.

Бес жылға созылған соғыс Сауд Арабиясы мен өзге де мұсылман елдерінің қолдауына ие Йеменнің үкіметтік коалициясы мен Иран қолдайтын хуситтер арасында өршіді. Айта кетерлігі, хуситтер елдің басым бөлігін жаулап алған.

Авссан Камаль, «Oxfam Yemen» кампаниясы жобасының менеджері:

– Қазіргі кезде Йеменнің жағдайы нашарлап барады. Халық темір торда жіпсіз байланғандай күй кешуде. Ата-аналар үшін балаларына талғажау болатын ішіп-жемді табу оңай болмай тұр. Үй ішін ауызсумен қамту үшін әйелдер ұзақ жолға шығады. Кейбір отбасылар азық-түлік қорын жинау үшін қалыңмал алып, жасөспірім қыздарын тұрмысқа беріп жіберуге мәжбүр.

Өткен жылдың желтоқсан айында хуситтер мен үкіметтік коалиция өкілдері Швецияда бас қосып, ортақ мәмілеге қол жеткізілген еді. Атап айтқанда, қақтығыстарды доғаруға, гуманитарлық жәрдемді жеткізуге мүмкіндік беруге және Ходейда портынан әскерді шығару туралы келісілген болатын. Гуманитарлық ұйымдар болса, бұл үрдістің сылбыр жүріп жатқанына қынжылады.

Изабель Муссар Карлсен, аштыққа қарсы әрекет ұйымының директоры:

– Гуманитарлық көмек жеткізумен Йемендегі мәселе бірден шешіліп, халықтың жағдайы жақсарып кетпейді. Бұл жердегі әскери шиеленісті доғару үшін саяси тұрғыдан тиімді шешім қажет.

Бұған дейін үкіметтік коалиция Ходейда портын басып алуға тырысып бақты. Алайда толыққанды әскер операция жүргізуге қауіптеніп отыр. Себебі аталған порт – сырттан азық-түлікті жеткізетін жалғыз ғана жол. Елді жайлаған аштықты тоқтату үшін БҰҰ да Ходейда портынан қарулы әскерді шығаруға үндеп отыр.

Хабар 24 телеарнасы