419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Brexit: Жоспары іске аспаған Тереза Мэй тағы да ескерту жасады

  • 1582
  • UPD: 21:13, 31.01.2019

«Брексит» бойынша қайта келіссөз жүргізілмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуропалық парламенттің бүгінгі мәлімдемесі осы. Депутаттардың айтуынша, 27 ел бекіткен құжатты қайта талқылаудың еш қажеті жоқ. Ал Ұлыбритания парламенті керісінше Тереза Мэйдің келісіміндегі «бэкстоп-қа» өзгеріс енгізбек. Брюссель мен Лондонның арасында жол тоздырған Мэй енді қайтпек?

Британиялықтар Еуроодақтан келісімсіз шыққысы келмейді. «Брексит» келісімін де қабылдамай тастады. Сонда олардың көксегені не?

«Брексит» кәрі құрлықты әуре-сарсаңға салып бітті. Тереза Мэйдің жоспары екі қайтара қолдау таппады. Британдық депутаттар бұл жолы премьерге Брюссельмен қайта келіссөз жүргізуді ұсынды. Ал Еуропалық парламент Біріккен корольдіктің бұл өтінішін қабылдамай тастады.

Жан-Клод Юнкер, Еуропалық комиссияның президенті:

– Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу бойынша «Брексит» келісімі екі тарап үшін де ең ыңғайлысы. Сол себепті де бекітілген құжатты қайта қараудың еш қажеті жоқ. Бұл туралы қараша, желтоқсан, қаңтар айларында бірнеше рет айттық. Британдық депутаттар құжатты бекітпеу арқылы, «қатаң брекситке» жол беріп отыр.

Барлық мәселе келісімдегі «бэкстоп» бөлімінде. Яғни Еуроодақ құрамындағы Ирландия Республикасы мен Біріккен корольдікке тиесілі Солтүстік Ирландия арасындағы шекара жыры. Құжатта «Брексит» жүзеге асқан соң, 2020 жылға дейін кеденде «бэкстоп» режимі енгізіледі делінген. Демек қазіргі еркін алыс-беріс қатаң бақылауға алынады деген сөз. Британдықтардың пікірінше, «бэкстоп» арқылы Брюссель Ұлыбритания құрамындағы Солтүстік Ирландияны өз бақылауында ұстамақ. Сол себепті олар осы шартты жеңілдетуді көздейді. Ал Еуроодақ айтқанынан қайтар емес.

Мишель Барнье, ЕО-ның «Brexit» бойынша басты мәмілегері:

– «Бэкстоп» – «Брексит» келісімінің бір бөлімі. Құжатты 27 ел бекітті. Сол себепті ешқандай өзгертулер енгізілмейді. Біз еуропалық нарыққа ешқандай залал тигізбеуіміз керек. Еуроодақтың болашағына сенімді болу үшін жеңілдіктер қарастырылмайды.

Екі оттың ортасында қалған Біріккен Корольдіктің премьері Тереза Мэй енді шегінерге жол жоқ дейді. Егер парламент келісімді қабылдамаса, «қатаң брексит» жүзеге асатынын айтып, тағы бір ескерту жасады. Ал депуттатар балама жоспар ойлап табуға ниетті. Бірақ Франция президенті Макрон мен Германия Канцлері Меркель бірауыздан балама келіссөзге бас қатырып, қарамайтындықтарын кесіп айтты. 

Ханс Дальгрен, Швецияның ЕО ісі жөніндегі министрі:

– Уақыт өтіп жатыр. Ұлыбританияның одақтан шығуына екі ай ғана уақыт қалды. Қайдағы балама келісім, ол қандай жоспар? Тығырыққа тірелді деген осы. Егер «Брексит» қабылданбаса, Лондон ешқандай келісімсіз одақтан шығады.

Әлем елдері «Брексит» келісімін әжуаға айналдырып, әлеуметтік желіде түрлі карикатуралар пайда болды. Ресейлік желі қолданушысы Тереза Мэйдің орындалмайтын жоспарларын бейнелеп, британдықтарды қатаң брексит жағдайында азық-түлігін жинап, қамдануға шақырды. Ал немістердің айтуынша, Ұлыбританиядан басқа 27 елдің одақтан шығып, басқа ұйым құруы оңайға соғатын еді. Испанияда Мэйдің «Брексит» жазуы бар есікке кілт таппай жатқан карикатурасы тарап жатыр.

Денис Макшейн, саясаткер:

– Еуроодақтан немесе Еуроаймақ құрамынан шығуға ниеттенген өзге мемеклеттер қазір жүрексініп қалды. Оған «Brexit» себеп. Парламенті бекем Ұлыбританияға Еуропа елдері бүгінде секемденіп қарайды.

Марк Рютте, Нидерланд премьер-министрі:

– Нидерланд та кезінде Еуроодақтан шыққысы келген. Ұлыбританияның әрекетінен кейін екі ойлы болып қалды. Әрине Brexit-ке байланысты туындаған тұрақсыздық барлық Еуропалық аймаққа әсер етуде. Дегенмен Біріккен Корольдіктің өзі екі есе шығынға батты.

Әзірге Еуроодақтың мәлімдемесіне британдықтар жауап қатқан жоқ. Сарапшылардың айтуынша, Ұлыбритания келісімсіз шықпауы үшін одақтан кетудің мезрзімін созады. Соңғы нұсқа осы дейді саясаткерлер.

Франция, Португалия, Германия елдері қорға ақша қалдырып, шығынға ұшырамаудың жолын іздеп жатыр. Егер «қатаң брексит» жүзеге асса, ең ауыр зардапты Ұлыбританияның өзі шегейін деп отыр. 

Хабар 24 телеарнасы