378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейліктердің банктерге қарызы 15 трлн рубльге жеткен

  • 367
  • UPD: 09:59, 03.02.2019

Ресей тұрғындары енді өздерінің жеке несие рейтингін біле алады.

Бұл көрсеткіш қарыз мөлшерін, төлеу мерзімін қадағалап, несиелік тарихын білуге мүмкіндік береді. Рейтинг жоғары болса, банктерден қайта несие алады. Ресей Орталық банкісінің мәліметінше, азаматтардың берешегі 15 триллион рубльге жеткен.

Ресми мәлімет бойынша, ресейліктердің 80 пайызының несие рейтингі жоғары. Яғни берешегін уақытылы өтейді. Алайда 10 пайызы қарызға белшеден батқан. Олардың бірі – Дмитрий Коробов.

Дмитрий Коробов, несие алушы:

- Автокөлікті несиеге алып едік. Осыдан кейін жұмыссыз қалдым. Қарызымды өтеу үшін қайта несие алдым. Бірақ ақша жетпей, ақыры көліксіз қалдым. Оның үстіне басымда екі несие бар.

Қаңтар айының аяғында Ресейде жаңа заң қабылданды. Ол бойынша бір жылға дейін алынған несиелер бойынша қарыз мөлшері алынған сомадан екі жарым еседен аспауы тиіс. Өткен жылы ресейліктердің несиелер бойынша берешегі 23 пайызға артқан. Бұл – соңғы 5 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ал тұрғындардың табыс мөлшері, керісінше, азайды. Қарызын өтей алмағандармен енді коллекторлық компаниялар айналысып жатыр.

Алексей Кузнецов, бұрынғы коллектор:

- Біз тек заң бойынша жұмыс істейміз. Борышкерлермен арақатынастың екі кезеңі бар. Алдымен жұмсақ бастаймыз, телефонмен хабарласып, жағдайды түсіндіреміз. Егер бұл әсер етпесе, жеке кездесіп, төлегені оған да жақсы боларын түсіндіруге тырысамыз. Бұл да көмектеспесе, істі сотқа береміз. Борышкерлер үшін бұл едәуір қымбат түседі. 

Осылайша қарыз азаймай, керісінше, көбейіп келеді. Ең алдымен бұл шағын несие алушыларға қатысты.

Тимур Нигматуллин, қаржылық сарапшы:

- Микроқаржылық ұйымдар негізінен қаржылық сауаты төмен адамдарға несие беріп жүр. Әдетте қаржылық сауаты төмен болса, табысы да аз болады. Айлыққа дейін қарыз береміз деп жүрген осы ұйымдардың нарығы айтарлықтай үлкен емес. Осы нарықты жоғарыдан шектеу, макроэкономикалық тұрғыдан несие нарығында ұсыныс пен сұранысқа айтарлықтай әсер етпейді деп ойлаймын. Әрине, кейбір адамдар енді несие ала алмайды. Бірақ оларға осындай жоғары пайызбен несие алудың қажеті бар ма?

«Несие беру жалғаса береді», – дейді сарапшылар. Ал билік несие ұйымдарына шектеу қою арқылы бұл нарықтың мүмкіндігінше жүйелі болуын мақсат тұтады .  

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы