384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әзербайжанда тұрғын үй тапшылығы қиындық туғызып отыр

  • 476
  • UPD: 12:11, 07.02.2019

Әсіресе бұл мәселе жас отбасыларды тығырыққа тіреді. Бұл түйіткілді ел үкіметі қалай шешпек, қандай шара қолданады?

Әзербайжанда ипотекалық несиелер жоғары сұранысқа ие. Елде қолайлы шарттармен берілетін әлеуметтік ипотека да бар. Бұрын осындай несиенің алғашқы жарнасы 20 пайызды құраса, қазір үкімет оны 10 пайызға азайтып, 4 пайыздық мөлшерлемемен береді. Бағдарламаға жас отбасылар, ғалымдар мен табысы аз азаматтарға қатыса алады. Жейран Гасымова бастамалардың игілігін көргендердің бірі.

Жейран Гасымова, Баку тұрғыны:

- Осыдан 10 жыл бұрынғы бағдарламамен салыстырғанда, жас отбасыларға жаңа шарттармен пәтер алу ісі жеңілдеді. Біз ипотека қоры арқылы үй сатып алдық. Баспана орталықта орналасқандықтан, сәл қымбат шықты.  Бірақ айлық жарнасы отбасымыздың табысына қарай бөлінген, сондықтан төлеуге қиналмаймыз. 

Жастардың өз баспанасына ие болудың басқа жолы да бар. Бұл жеңілдікпен сатылатын пәтерлер. Тұрғын үй құрылысы мемлекеттік агенттігі оларды 35 жасқа жетпеген азаматарға үлестіреді. Шарттары әлеуметтік ипотекамен бірдей, несие 30 жыл мерзімге беріледі. 

Диана Дадашова, тұрғын үй құрылысы мемлекеттік агенттігінің баспасөз хатшысы:

- Жастар мен табысы аз отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін агенттігіміз бір жобаны жүзеге асырды. Былтыр ас үй жиһазымен жабдықталған 287-пәтерлі үйді тапсырдық. Жартысынан көбін 22 мен 35 жас аралығында отбасылар сатып алған.

Қазір екі бөлмелі пәтерлер шамамен 27 800 доллар тұрады. Ал айлық жарнасы 119 доллар, төлеу мерзімі 30 жылға дейін. Биыл Әзербайжанда заң қабылданып, мемлекеттік қордағы пәтерді 3 жыл жалдап тұрғандарға оны сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл да ел тұрғындарын баспанамен қамтуға өз септігін тигізеді.

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы