389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде жастар баспананы лотереядан ұтып алады

  • 485
  • UPD: 14:32, 07.02.2019

Израильде жастар үшін жеңілдікпен сатылатын пәтерлер лотереямен ойнатылады. Жалпы үкімет жоспары бойынша 4 жылда осындай 90 мың пәтер салу көзделген болатын. Алайда бұл бағдарлама жылжымайтын мүлік нарығында бірқатар мәселе тудырды.

Максим мен Анна баспанасыз жас отбасы. Бағасы тым қымбат болғандықтан пәтер сатып алуға шамалары жоқ. Тель-Авивте ең арзан үш бөлмелі пәтердің бағасы жарты миллион доллар. Арманына жетуге «Жаңа қоныстанушы үшін баға» атты мемлекеттік бағдарлама көмектескен.

Максим Пасечник, «Жаңа қоныстанушы үшін баға» бағдарламасына қатысушы:

- Бұл лотерея. Мәселен, 100 пәтері бар үй салынады. Лотереяда ұтқан 100 адам осы үйде жеңілдікпен пәтер сатып алуына болады. Біз осындай бірнеше лотереяға қатыстық, бірақ жолымыз болмады. Дегенмен, мақсатымыздан таймай, қатыса бердік, ақыры біз де ұттық. 

Пасечниктер отбасының пәтері әлі салынып біткен жоқ, келесі жылы тапсыруы тиіс. Жалпы дәл осындай лотереяны 50 мыңдай отбасы ұтып алған. Бұл бағдарламаны жастарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қаржы министрлігі әзірледі. Мемлекет ең арзан баға ұсынған құрылыс компанияларына жерді жеңілдікпен сатады. Нәтижесінде, лотерея жеңімпаздарына, тұрған қаласына байланысты, пәтер 50 мыңнан 100 мың долларға дейін арзан түседі. Келісім-шартқа қол қойған үлескерлер ипотекалық несие алып, құрылыс компаниясына төлейді. 

Эли Полатов, жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы:

- Әлі ешбір рұқсат қағазы жоқ, үй де салынбаған. Қағаз бойынша жас отбасы пәтерді иеленсе, де іс жүзінде баспанасы жоқ. Олар тіпті пәтері қай қабатта болатынын да білмейді. 

Израильде үйлер ұзақ салынады, 4 жылға дейін созылуы мүмкін. Осы аралықта жастар пәтерді жалға алады, бұған орта есеппен айына бір мың доллар жұмсайды. Сонда 4 жылда пәтерді сатып алғанда үнемдеген қаражаты кетеді деген сөз. Сондай-ақ, бұл бағдарлама жылжымайтын мүлік нарығына да әсер еткен. Қаржы министрі ел тұрғындарын пәтер сатып алуға асықпай, лотереяға қатысуға үгіттеген болатын. Нәтижесінде тұрғын үйлер бағасы қайта қымбаттап кетті.

Эли Полатов, жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы:

- Бұдан кейін жаңа құрылыс тоқтап қалды. Үйлер көптеп салына бастайды, осыдан пәтерлер арзандайды деген ойы болған. Бірақ бәрі керісінше шықты.

Қаржы министрлігі осы жылдың соңына дейін 90 мың пәтер салуға уәде бергенімен, бүгінде осы бағдарлама бойынша 5 мыңдай отбасы пәтерге ие болған. Ал жақын арада елде сайлау өтуі тиіс, қаржы министрі болашақ үкімет құрамында болар-болмасы белгісіз. Сол себептен пәтерлер лотереясы тоқтатылды.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы