386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нью-Йоркте тұратын үндіс қазақтың тілі мен тарихына қызығып жүр

  • 1231
  • UPD: 17:40, 08.02.2019

Шетелдегі Қазақстан достарының қатары кеңейіп келеді. Нью-Йорктегі әріптестеріміз ғажап бір адамды кездестірді. Американың байырғы халқы - чероки тайпасынан шыққан ол біздің еліміздің жанкүйері екен. Қазақ тілі, тарихы мен мәдениетін зерттеп жүрген көрінеді. 

Ірі халықаралық форумдар мен жаһандық істерге белсенді қатысудың арқасында Қазақстан бүкіл әлемге танымал болды. Ұлттық рәміздерімізді әлемнің әрбір түкпірінде кездестіруге болады. Мәселен Нью-Йорктегі Манхэттенде тілшімізге киіміне байрағымызды таққан жігіт кездесті. Есімі Рахсаан Уолф екен, бірақ қазақшаға аударып өзін Рахсаан Қасқыр деп атаған екен. 

Рахсаан Уолф, Нью-Йорк тұрғыны:

- Мен Американың байырғы тұрғынымын, чероки тайпасының көшпендісімін. Егер Қазақстан көшпенділерінің мәдениетімен таныс болсаңыз, Солтүстік Америкада байырғы халықтар тұратынын білулерің керек. Қазақтармен жақындастыратын арамызда ортақ белгілер бар. Өзім Азия мәдениетіне жақын өстім, Оңтүстік-Шығыс пен Орталық Азия тарихын зертегенмін. Ақыры қазақтарға шығып, мәдениетіңіз бен тіліңізді меңгеріп жүрмін. Қазақтар көшпелі халық екенін білдім. 

Рахсаанның айтуынша, Американың байырғы тұрғындары Еуразия даласынан шыққан. Түпкі тамырымыз бір деп, қазақтарды бауыр санайды. Тұрмыс-салты мен көшпелі мәдениеті ғана емес, генетика жағынан да жақынбыз дейді ол.

Рахсаан Уолф, Нью-Йорк тұрғыны: 

- Біз бір-бірімізбен тығыз байланыстымыз: бақсылық, мәдениет, бүркіт, жылқы, дауылпаздар секілді Солтүстік Американың көшпенділерімен ортақ рәсімдеріңіз көп. Орталық Азияның көшпелі тайпалары қазіргі Ресей мен Аляска жерлерін асып өтіп, Солтүстік Америкада және әрі қарай қоныстанғаны белгілі. Қазақ мәдениетімен таныстығым мен үшін руһани сапармен іспеттес болды. 

Рахсаан бүгінде YouTube желісінде өз арнасын ашқан. Онда көрермендерді Қазақстанның тарихымен таныстырып жүр. 

Рахсаан Уолф, Нью-Йорк тұрғыны: 

- Қазақша оқи білемін, бірақ сөздік қорымды кеңейту керек.  Әрине амандаса аламын: сәлем, сәлеметсізбе, қалын қалай деген сияқты. Мынау менің алғашқы кітабім - Әліппе. Ол бойынша сөздердің айтылуы мен грамматиканы меңгеріп жүрмін. Мынау да өте жақсы оқулық. Онда сөздердің аудармасы мен мағынасы жіті түсіндіріледі. 

Рахсаанның ортақ тарихы мен мәдени дәстүрлер арқылы халықтарымызды жақындастыратын ойы бар. Ол өзара байланыстар - болашақ ұрпақтарымыздың араласып тұруына септігін тигізетініне сенімді.

Авторлары: Майра Әбдірахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы