419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Грузия халқының 30% астамы семіздікке шалдыққан

  • 1500
  • UPD: 10:41, 13.02.2019

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2 миллиардтан аса адам семіздікке шалдыққан. Өзге елдер секілді Грузияда да бұл мәселе ушығып тұр. Халықтың 30 пайызында артық салмақ бар. Әдетте адамдар семіздік өзге қауіпті ауруларға әкелгенде ғана, мамандардың көмегіне жүгінеді. Сол себептен Грузия үкіметі 21-ғасырдың індетіне қарсы заң деңгейінде шаралар қабылдауды ұйғарған.

Әлем бойынша ересек адамдардың 13 пайызы семіздікке шалдыққан. Грузиядағы статистика да көңіл көншітпейді. Тұрғындарының 32 пайызында артық салмақ бар. Ал бұл диабет, жүрек-қан тамырлары ауруларына, тіпті қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. 

57 жастағы Ирина тамаша күйде. Алайда осыдан үш жыл бұрын ол да семіздіктің екінші деңгейіне шалдыққан еді. Таяққа сүйеніп әрең жүретін, жүрегі ауырып, қан қысымынан зардап шеккен.

Ирина Карцивадзе, Тбилиси қаласының тұрғыны:

- Осы фитнес орталығына әрең еңбектеп жеткенде, салмағым 91 келі болатын. Қажетті анализдер тапсырып, маған үйлестірілген тағам мөлшерін белгіледі. Осының бәрі 27 келіге арықтауға көмектесті. Таяғымды лақтырып, өзімді жасарғандай сезінемін. Өмірім жарқын сәттерге толды. Менде тізе буынының артрозы болған, осының салдарынан шеміршегім зардап шекті. Жеті жыл төсек тартып жатқанмын, семіріп кеттім. Операциядан кейін таяққа сүйеніп, жүре бастадым, бірақ артық салмағым жағдайымды қиындатты. 

Грузия тұрғындары соңғы кезде фитнес, йога, бокс пен дене шынықтырудың өзге де түрлерімен белсенді түрде айналыса бастаған. Алайда осындай ауқымды мәселені шешу үшін бұл жаттығулар жеткіліксіз. Сол себептен, депутаттар семіздік мәселесін заң деңгейінде қозғауды ұйғарған.

Гугули Маградзе, Грузия парламентінің депутаты:

- Түрлі елдердің осы мәселені шешудің өз тәсілдері бар.  Мысалға, Америка мен Британияның көптеген мектептері, фаст-фудттан пайдалы тағамға көшсе, мемлекеттен субсидия алады. Британияда қант мөлшері көп өнімдерге салық та артады. Грузияда да осы елдердің тәжірибесін енгізуге болады. Бірақ оған дейін, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елімізде зерттеу жүргізіп, семіздіктің себептерін анықтайды. Осыдан кейін онымен қалай күресу керектігін білеміз.

Депутаттың пікірінше, артық салмақ мәселесі Грузияда бұрыннан келе жатыр.  Ұлттық тағамдарының дәмі тіл үйреді, бірақ калориясы шамадан көп. Алғашқы мәліметтер бойынша үкімет балабақшалар мен мектептердегі тағам сапасының бақылауын күшейтуді көздеп отыр. Сонымен қатар елдің түкпір-түкпірінде осындай спорт алаңдарын салып жатыр. Мұнда әл-ауқатына қарамастан бүкіл адам дене шынықтыра алады. 

Авторлрары: Татия Джанибегашвили, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы