389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германияда 300-ге жуық балабақша жұмысын тоқтатты

  • 549
Германияда 300-ге жуық балабақша жұмысын тоқтатты

Берлинде 300-ге жуық балабақша жұмысын тоқтатты.

Себебі тәрбиешілер мен бастауыш және орта мектептердің мұғалімдері қайта ереуілге шықты. «Білімге үнемдеуге болмайды!» деген ұранмен, олар қаланың орталық көшелерінде шерулетті. Тәрбиешілер жалақысын 6 пайызға көтеруді талап етіп отыр. Бұл шамамен – 200 еуро. Ереуілшілерді кітапханашылар, өрт сөндірушілер мен тәртіп сақшылары да қолдады. Полицейлердің 26% бұл күні жұмысқа шыққан жоқ. Жалпы наразылық шарасына 10 мың адам шыққан. Кәсіподақтар мен үкімет арасындағы келіссөздердің келесі кезеңі ақпан айының соңына белгіленген. Онда Германияның бір миллионнан аса мемлекеттік қызметкеріне жалақыны көтеру мәселесі қарастырылады. Алайда Берлин Сенатының өкілдері, тәрбиешілердің талабын қанағаттандыруға қаражат жетпейді деп отыр. 

Эрих Мендрох, Ver.di кәсіподағының өкілі:

– Германия экономикасы жақсы жағдайда. Салық алымдары да артып келеді. Қызметкерлерімізден айырылмай, жаңа мамандарды тарту үшін адами капиталға инвестиция құю керек. Сол себептен жалақыны көтеру қажет деп санаймын. Біз жаңа ұсыныстарды күтеміз. Бірақ талабымызға құлақ аспаса, ереуілдерімізді жалғастырамыз. 

Даниэла Шибер, шеруші:

– Келісімге жетеміз деген үміттемін. 200 еуро деген үлкен ақша емес. Біз көппіз және осындай шараларға шығып, бір-бірімізді қолдауға дайын екенімізді көріп тұрсыз. Ал әзірше келіссөздер нәтижесін асыға күтеміз.

Хабар 24 телеарнасы