419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әзербайжан Парламенті Каспий конвенциясын ратификациялады

  • 1693
  • UPD: 07:40, 14.02.2019

Әзербайжан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі конвенцияны ратификациялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңызды құжат Милли Межлис отырысында талқыға салынып, оны депутаттар бірауыздан қабылдады.

Каспийдің құқықтық мәртебесі жөніндегі келіссөздер 20 жылдан аса уақытқа созылған еді. Былтыр тамыз айында Ақтауда Каспий маңы мемлекеттерінің басшылары бұл мәселеге нүкте қойды. Әзербайжан Парламентінде өткен талқы барысында депутаттар қауіпсіздік, экономикалық жобаларды жүзеге асыру және экологиялық мәселелерді талқылады.

Расим Мусабеков, Парламент депутаты:

– Қазақстан мен Түрікменстан осы келісімді ратификациялаған. Енді олардың қатарына Әзербайжан да қосылды. Жақын арада Ресей мен Иран парламенттері де осындай қадам жасайды деп ойлаймын. Осы 20 жылда Әзербайжан мен Қазақстанның ұстанымдары сәйкес болғанын қуанышпен атағым келеді. 

Конвенцияда теңіз акваториясын межелеу, әскери ынтымақтастық және биологиялық ресурстар, теңіз түбі мен пайдалы қазбаларды игеруде бірлесіп экономикалық шаруашылық жүргізу, кеме тасымалы мен қоршаған ортаны қорғау секілді келісімдер бекітілген.

Эльман Насиров, Парламент депутаты:

– 20 жылдан аса каспийлік 5 елдің жұмыс тобының кездесулері еш нәтиже бермеген. Тек 2018 жылдың тамыз айында Ақтауда бүкіл тараптар ортақ мәмілеге келді. Толық қабылданғаннан кейін осы құжатта белгіленген құқықтар мен қағидаттарды пайдалана аламыз.  

Каспий мәселелерін шешудегі келесі маңызды қадам аумақтық су шекараларын анықтайтын бесжақты келісімді қабылдау болмақ. Бұл – жұмыс тобының келесі кездесуінде талқыланатын басты сауал. Каспий маңындағы мемлекеттер осы жұмыс тобын негізгі құжаттың орындалу тетіктерін қиыстыру мақсатымен құрған. 

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы