389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таяу Шығыстың бір мәселесі әлемде екі бөлек түрде талқыланды

  • 852
  • UPD: 22:18, 14.02.2019

Варшавада «Таяу Шығыстағы қауіпсіздік мәселелері» бойынша халықаралық конференция басталды. АҚШ пен Польша ұйымдастырған екі күндік жиынға Ресей, Иран, Ливан және Палестина елдері қатыспайды. Сондықтан болар, әлемдік БАҚ өкілдері шараның маңыздылығына емес, тізімде жоқ елдерге баса назар аударды. Ресми Тегеран  Варшавадағы бұл конференцияны «циркке» теңеді. Соған қарамастан қатысушылар кезектен тыс конференция ұйымдастырған АҚШ-қа алғыс айтты.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Бүгінгі шараны ұйымдастырған АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоға, вице-президент Майк Пенсқа, жалпы Трамп әкімшілігіне алғысымды білдіремін. 60-тан аса елден келген министрлермен Иран режимінен келетін қауіпті талқылап, мәселенің күрмеуін табамыз деп ойлаймын. 

Польшаның сыртқы істер министрлігі конференцияның басты тақырыбын жариялады. Ол Сирия мен Йемендегі дағдарыс, палестин-израиль қарым-қатынасын тұрақтандыру және терроизммен күрес. Бірақ «Ассошейтед Пресстің» мәлімдеуінше, Иран режимі шараның басты тақырыбына  айналған. Оның себебін Майк Помпео түсіндірсін.

Майк Помпео, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- Біз Таяу Шығыста Ирандағы режим тоқтамайынша бейбітшілік орната алмаймыз. Бұл мүмкін емес. Себебі Тегеран Ливан, Йемен, Сирия және Иракка  ауқымды ықпал етіп отыр. Яғни, Хуситтер, Хамас және Хезболла ұйымдары арқылы. Бұл айтарлықтай үлкен қауіп-қатер деген сөз. 

Таяу Шығыстағы дәл осы жағдай, яғни Сириядағы мәселені тұрақтандыру Ресейдің Сочи қаласында да талқыланбақ. Бүгін Ресей, Түркия, Иран өздерінің жеке саммитін өткізеді. Сарашылар бұл жағдайды жәй ғана сәйкестік деп санамайды.  

Збигнев Левицкий, саясаттанушы:

«Ресей Таяу Шығыстағы жағдайға араласқаны үшін АҚШ-пен дүрдараз. Сол себепті өздерінің жеке конференциясын өткізіп отыр. Егер шараны ұйымдастырмаса бұл мәселеден тысқары қалып қоюы мүмкін еді».

Сарапшылардың айтуынша, Варшавадағы  кезектен тыс конференция Ақ Үй әкімшілігі мен ЕуроОдақтың бұзылған қарым-қатынасынан соң әдейі ұйымдастырылып отыр. Себебі 2018 жылы Америка Иран ядролық бағдарламасынан шығатынын мәлімдеген еді. Еуропа елдері болса мұнай алу үшін сол келісімді сақтап қалуға тырысып жатыр. Ал конференция өтіп жатқан Варшавада тіпті Иран режиміне қарсы ереуілдер өткенін айта кеткен жөн.

Лукаш Фидерек, саясаттанушы:

«Бұл конференция – Иранға барынша қысым көрсету үшін жасалып отырған қадам. Яғни Вашингтон Таяу Шығыстағы серіктестері Израиль және Сауд Арабиясымен жеке кездесіп, өзара келісіп алмақ».

Хабар 24 телеарнасы