384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Трамп елде төтенше жағдай жарияламақ

  • 791
  • UPD: 22:05, 15.02.2019

АҚШ Президенті Дональд Трамп Мексикамен арада қоршау тұрғызуға ақыры ақша бөлетін болды.

Сөйтіп конгресті айналып өтіп, өз дегеніне жетпек. Бірақ артынша елде төтенше жағдай жариялайды. Ал бұған демократтар көшбасшысы Ненси Пэлоси ашу шақырып, Ақ үй басшысын сотқа беретіндігін айтты.

Демократтар да сол үшін асығып, осы құжатты бекітіп үлгерген еді. Енді Трамп қол қойса, үкімет бұрынғы режимде жұмыс істейді. Бірақ демократтар енді төтенше жағдайға байланысты алаңдай бастады.

Мексикамен АҚШ шекарасында қоршау тұрғызуға қажетті қаражат алу үшін АҚШ Президенті Дональд Трамп елде төтенше жағдай жариялайды. Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілі Сара Сандерс твиттер парақшасында мәлімдеді. Өйткені екі тарап ортақ мәмілеге келіп бекіткен құжатта Трамп сұраған 5,7 млрд доллар жоқ. Демократтар шекараны шегендеу үшін тек 1,375 млрд доллар бөлген. Республикалықтар үкіметтің жұмысын тағы да тоқтатпау үшін бюджетті бекітуге келісті. Бірақ, жетпейтін соманы басқа жолмен алмақ.

Сара Сандерс, Ақ үйдің ресми өкілі:

– Президент Дональд Трамп мемлекеттік бюджетті бекітеді. Сондай-ақ алдын ала ескертілген қосымша шаралар да қабылдайды. Яғни шекарадағы әлеуметтік дағдарыстың адын алу үшін елде төтенше жағдай жариялайды. Артынша, жоспарланған қорғанның құрылыс жұмыстарын бастайды.

Бұл төтенше жағдай заңның орындалуын тоқтатпайды. Және АҚШ азаматтарының құқығына шектеу қоймайды. Бірақ Президентке Конгрестің мақұлдауынсыз-ақ қорғанға қажетті қаражатты жұмсауға мүмкіндік береді. Ал өкілдер палатасының спикері Нэнси Пэлоси мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, шекарада ешқандай мәселе туындап отырған жоқ. 

Нэнси Пэлоси, өкілдер палатасының спикері:

– Президент Дональд Трамп Конгресті тыңдайтын емес, демократтардың қарсылығына қарамастан шекараны қоршамақ. Менің айтарым, елде немесе сол кеденде төтенше жағдай жариялайтындай мәселе жоқ. Мемлекет қазынасын бей-берекет шашуды тоқтату керек. Егер төтенше жағдай режимі енгізілетін болса, соттасатын боламыз.

Демократтар мен республикалықтардың ортақ мәмілеге келген жобасын Сенатта 86 депутат қолдаған болатын. Өкілдер палатасында 300 конгресмен бекітті. Бірақ Дональд Трамптың төтенше жағдай жариялайтындығын естігеннен соң, үкімет қақ жарылды. Республикалықтар Трамптың бұл пікірталаста жеңгенін алға тартса, демократтар Ақ үй басшысының қадамын қатаң сынға алды.

Дебби Вассерман Шульц, сенатор:

– Трамп зейнеткерлер немесе жауынгерлердің көзіне тік қарап, осы қоршауға сендер ақша бересіңдер деп айта ала мекен? Әрин айта алмайды. Бұл – мемлекет қазынасы. Оны Конгрестің қолдауымен қажетті жобаға жарату керек. Сол себепті өз әріптестерімді төтенше жағдай енгізуге жол бермеуге шақырамын.

Джон Рутерфорд, сенатор:

– Мемлекеттік бюджетті бекіткенде, қорғанға бөлінген қаржының көлемін көріп, қолдағым келмеген еді. Дегенмен ортақ мәміле жасадық. Президент те оны бекітетіндігін айтты. Енді төтенше жағдай жариялау арқылы шекарамызды қауіпсіз ететін болады. Бұл пікірталаста Трамп жеңді.

АҚШ билігіндегі дүрдараздықты әлем талқылай бастады. Бірі Трампты қолдаса, бірі қарсы. Ал сарапшылар Трамп бұл жолы билігін асыра пайдаланып отыр дейді.

Уильям Чарльз Бэнкс, сарапшы:

– Елде төтенше жағдай енгізу, билік арасында алауыздық туғызумен бірдей. Президент Конгрестің мақұлдауынсыз, өз дегенін істеп қорған тұрғызбақ. Мемлекетте төтенше жағдай жариялайтындай жағдай болып жатқан жоқ. Трамп бұл арқылы өзі қалаған жобаларға мемлекет қаржысын жұмсайын деп отыр.

Элизабет Гойтейн, сарапшы:

– Егер Президент Дональд Трамп елде шынымен төтенше жағдай жариялайтын болса, бұл билікті асыра пайдалану деген сөз. Ол демократтардың қойған шектеуіне қарсы шығып, өз бетімен сол қорғанға қыруар қаржы жұмсамақ.

Осылайша БАҚ бетттерінде түрлі материалдар жарық көріп, қауесет көбейді. Сарапшылар мен саясаткерлер де өздерінше тон пішіп әлек. Ал Дональд Трамптың өзі әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен «Қорғанды қалайда тұрғызам» деген Ақ үй басшысының өз дегенін істемей тынбайтынын байқатты.

Демократтар да сол үшін алаңдап, дабыл қағып отыр. Сарапшылар Трамп қорғанға жоспарланған 5,7 млрд емес, 8 млрд доллар жұмсауы мүмкін дейді.

Хабар 24 телеарнасы