378,45 426.20 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Brexit-тен шыққалы отырған Ұлыбританияны не күтіп тұр?

  • 505
  • UPD: 20:37, 18.02.2019

Британдық Flybmi әуекомпаниясы банкротқа ұшырағанын жариялады.

Оған жанармай бағасының қымбаттауы мен Біріккен Корольдіктің Еуроодақтан шығуы себеп болған. Әуе компаниясының жұмысы бір күнде тоқтағандықтан, 1,5 мың жолаушы жолда қалып, басқа компанияға жүгінуіне тура келді. Сарапшылардың айтуынша, «Брексит» салдарынан барлық әуекомпания Flybmi-дың күйін кешуі мүмкін. Естеріңізге сала кетсек, Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу мерзімі жақындап қалды. Алайда Еуроодақтан шығу тәртібі Брексит жоспары негізінде іске аса ма, жоқ па – бұл әлі белгісіз. Бұған қатысты Еуропа мен британдық бизнес қауымдастықтың алаңдаушылығы арта түсті.

Сарапшылар расымен де өзге де әуе компанияларының қызметі тоқырауы мүмкін дейді. Бұдан бөлек, сән өндірісінің өкілдері де одақтан шығу тәртібі тиімді болмауы мүмкін дегенді айтады. Ал жеміс-көкөністі импорттаушылар британдық нарықпен тікелей жұмыс істегенді қалап отыр.

Еуропалық одақтан шықпай жатып, Flybmi әуе компаниясы бұдан әрі қызметін жалғастыра алмайтынын жариялады. Себебі Ұлыбритания одақтан шыққан соң, Еуропаның атмосфераға шығарылатын зиянды заттарды есепке алу механизмі іске қосылады. Бұл – Батыс елдеріне әуе қатынасын жүзеге асыру қымбатқа түседі деген сөз. Компания жайлы тоқтала кетсек, British Midland Regional – яғни Flybmi брендімен белгілі компания Еуропаның 25 қаласына 17 түрлі бағыт бойынша әуе қатынасын іске асырды. Ұлыбритания, Германия, Швеция мен Бельгияда 376 адамды жұмыспен қамтыған ол былтырдың өзінде 522 мың жолаушы тасыған. Межелі жеріне жете алмаған кей жолаушыға компания ақшаны сақтандыру қорынан қайтарады. Алайда жексенбіге дейін алдын ала екі аптаға билет сатқан компания оның құнын бәріне бірдей қайтара алмайды. Консервативті партияның депутаты Марк Француаның айтуынша, бұл жағдайға Брекситтің еш қатысы жоқ.

Mарк Франсуа, еуропалық зерттеу тобының төрағасы:

– Ешкім де әуе компаниясының құрдымға кеткенін қаламайды. Әсіресе, Flybmi арқылы ұшпақ болып, ақшасынан қағылған тұрғындарға жаным ашиды. Енді олар межелі жерге дейін жетудің басқа жолдарын қарастыруы тиіс. Оған екі есе қаражат жұмсалатыны белгілі. Алайда меніңше бұл жағдайдың Брекситке қатысы жоқ. Бұл әуе тасымалын дұрыс ұйымдастыра алмағандықтан, болып отыр.

Десе де, Брексит мәселесі әуе тасымалымен айналысатын өзге компаниялар үшін де бас ауруға айналды. Еуроодақтан шығу шарттары белгісіз болғандықтан, әуекомпаниялары Британ үкіметінен қандай да бір бағыт-бағдар беруін сұрайды. Кейбірі әуе тасымалының шарттарын өзгерте бастады. Мәселен, Thomas Cook Airlines «саяси тұрақсыздық салдарынан туындаған жағдай» деген бапты төтенше жағдайлар тізіміне енгізді. Осылайша, «Брексит жоспарынсыз» одақтан шығу жағдайын алдын ала ойластырып қойды. Сондай-ақ Ryanair компаниясы да Ұлыбритания одақтан белгілі бір тәртіппен шықпаған жағдайда, Британ аралдарындағы әуе рейстері үш аптаға дейін шегерілуі мүмкін деп алдын ала ескерту жасап отыр.

Әуе тасымалынан бөлек, сән өндірісінің мамандары да Брексит мәселесіне алаңдаушылық таныта бастады. Мәселен, Fashion Roundtable компаниясының басқарушысы Тамара Цинчиктің айтуынша, Еуроодақтың нарығында қалғаны Ұлыбритания үшін ұтымды болар еді. Одақтан шығу сән саласындағы еркіндікке шектеу салмақ. Яғни қызмет көрсету мен сән үлгілерінің алыс-берісінде кідіріс туындауы мүмкін.

Тамара Цинчик, Fashion Roundtable басқарушысы:

– Меніңше, Премьер-министр Тереза Мэй тек қана көлік және балық аулау өндірісін ғана емес, сән индустриясын да есепке алғаны жөн болар еді. Оны тек фэшн шоу деп қабылдау – қате. Ол да – Ұлыбритания экономикасына қомақты үлесін қосатын сала. Сән үлгілерін дайындаудан бастап сауда логистикасы қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Ұлыбританияда сән индустриясында 900 мың адам жұмыс істейді.

Сәнгерлер одақ пен Ұлыбритания арасында шекара пайда болған кезде шығармашылықтың интеграциясы қиындай түседі деген пікірде. Ал агрономдар болса, Еуропалық одақты айналып өтіп, Ұлыбританияға тікелей жеміс-көкөніс сату анағұрлым тиімді деп біледі. Мәселен, Морокко жылына бір миллион тонна жидекті 30 елге жеткізеді. Оның ішінде 16-сы – одаққа мүше елдер. Морокколық фермер бұған дейін Ұлыбританияға жидекті Испания арқылы импорттағанын айтады.

Мұхаммед Әл Уазани, жидек фермасының жетекшісі:

– Қазіргі таңда «Брекситке» қатысты ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпыз. Керісінше, тауар өндіруші ретінде өнімдерімізді Ұлыбритания нарығына тікелей жеткізу мүмкіндігіне ие боламыз. Сондықтан биыл британдық тұтынушыларды жақынырақ танып-білсек, тауарды импорттау анағұрлым жеңілдейді деген ойдамын.

Брексит кей кәсіпкерлер арасында үрей туғызса, енді бірі керісінше оған үміт артып отыр. Ал Еуропалық одақ атынан Ұлыбританиямен келіссөз жүргізуші Мишель Барнье Брексит жоспарын сақтаудың мүмкіндігі бар дейді. Бұл туралы ол Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында мәлімдеді.

Мишель Барнье, Brexit мәселесі жөніндегі ЕО келіссөз жүргізушісі:

– Менің ойымша, Ұлыбританиямен арадағы Брексит келісімін әлі де сақтап қалуға болады. Бұл ретте, мен барынша жеделдетіп жұмыс істеуге әзірмін. Екінші жағынан алып қарар болсақ, Меркельдің өзі айтқандай Еуропаның болашағы Брекситтен анағұрлым маңыздырақ.

Сонымен Мишель Барнье Ұлыбритания үшін қолдан келгенін істейтінін айтты. Дей тұрғанымен, Еуропалық одақ мүддесін естен шығармайтынын да аңғартты.

Еуроодақтың өкілі істің басын ашып алуға әзір екен білдірді ғой. Тереза Мэй онымен кезекті келіссөздерін қашан жүргізеді?

Тереза Мэй келер аптада Брюссельге барады. Сонда қос тараптың да көңілінен шығатын ортақ мәміле жасалады деген үміт бар.

Хабар 24 телеарнасы