384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германия ауаны тазарту үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?

  • 1137
  • UPD: 12:51, 20.02.2019

Германияның қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, елдің 70 қаласында ауаның ластану көрсеткіші Еуроодақта белгіленген мөлшерден бірнеше есе асып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал ауасы ең лас шаһарлар – Мюнхен, Штутгарт пен Кёльн. Ел тұрғындары осы мәселеге алаңдап отыр. Үкімет ауаны тазарту үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?

Германия тұрғындары өз денсаулықтарымен қатар қоршаған ортаға да ұқыптылықпен қарайды. Сол себептен көбісі қоғамдық көлікпен немесе велосипедтермен жүреді, ал кейбіреуі электр көліктерін сатып алады. Өкімет де ауаны тазарту үшін қатал шаралар қабылдаған. Ірі қалалардың орталығына ескі дизель көліктерімен кіруге шектеу қойылған. Қазір бұл тізімде Штутгарт пен Гамбург бар, биыл олардың қатарына Майнц, Кёльн мен Берлин қосылмақ. Ережені бұзғандарға айыппұл салынады. Гамбургте оның мөлшері – 25 еуро, ал Штутгартта – 80 еуро.

Герд Лоттзипен, VCD автоклубының жол саясаты бойынша сарапшысы:

– Тұтынушылар дизель көліктерінен айнып, бензинмен жүретін темір тұлпарларды жиі сатып алатын болды. Алайда біздің мақсатымыз, бәрін электрокарларға отырғызу болып тұр. Германияда ескі дизель көліктерінің иелері оны жаңаға ауыстырып, сыйақы алуына мүмкіндігі бар. Сондай-ақ электр көлігін сатып алғандарға 4 мың еуро мөлшерінде сыйақы белгіленген. Бұл оның бағасын арзандатып, жұртты электрокарларды сатып алуға ынталандырады. Үкіметтің мақсаты – 2020-жылға дейін электр көліктерінің санын бір миллионға жеткізу. Бәлкім осы көрсеткішке жете алмаспыз, бірақ ең бастысы олардың санын барынша арттыру.

Сонымен қатар Германияда соңғы көмір шахтасы жабылды, ал 2038 жылға дейін отынның осы түрінен толығымен бас тарту көзделіп отыр. Бұл жоспар біртіндеп жүзеге асады, өйткені бүгінде елдегі электр қуатының 40 пайызы көмірден өндіріледі. Мұндағы мақсат – ауаны ластануын азайту және бүкіл энергияны баламалы қуат көздерінен алу болып тұр.

Константин Цергер, Deutsche Umwelthilfe энергетика және климатты қорғау бөлімінің жетекшісі:

– Экологиялық ұйым ретінде біз үшін 2038 жыл – көмір дәуірінің соңы. Мақсатымыз – экологияға зиян келтіретін көмір электр стансаларын жабу. Германия онан осы мерзімнен де ерте бас тартатындай етіп, келіссөздері әрі қарай жалғастыруды көздеп отырмыз. Енді бағдарламаны заң түрінде бекіту маңызды. Польшадағы Краков қаласының әкімшілігі де көмір мен ағаш отынды үйлерді жылытуға қолдануға тыйым салуды көздеп отыр. Ауасы ең лас елдердің қатарындағы Польша да жағдайды жақсартуға ниет білдіріп отыр.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы