383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Трамп Қытайға қатысты баж салығын кейінге шегерді

  • 466
  • UPD: 14:17, 25.02.2019
Трамп Қытайға қатысты баж салығын кейінге шегерді

Қытай мен АҚШ даулы мәселелерді реттеуге қатысты ымыраға келді. Ақпанның 19-24 аралығында Вашингтонда сауда келіссөздерінің кезекті раунды аяқталды. Осыдан кейін ақ үй басшысы қытайлық өнімдерге баж салығын өсіруді кейінге шегергенін мәлімдеді.

Дональд Трамп Twitter-де бұл шешімді сауда келіссөздері сәтті аяқталған соң қабылдадым деп жазды. Ақ үй басшысы Флоридадағы Мар-а-Лаго  резденциясында Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуге де ниетті екенін айтты.

«Мен АҚШ-тың зияткерлік меншік құқығын қорғау, технологияны пайдалануға беру, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, валюта және басқа да маңызды құрылымдық салалар бойынша Қытаймен өткізген сауда келіссөздерінде жақсы нәтижеге қол жеткізгенін қуана хабарлаймын», - дейді  Дональд Трамп. Әлемдегі екі ірі экономика арасындағы сауда келіссөздерінің қарбалас жүргені сонша 19 ақпанда басталған отырыс жексенбіге дейін созылды.

Лю Ин, Қытай халық университеті қаржылық зерттеу институтының сарапшысы:

- Екі елдің ойы бір жерден шыға бастады. 1 наурызға дейін бірқатар мәселелер шешіліп қалуы мүмкін. Қытай мен АҚШ бір-біріне деген сенімін әлі жоғалта қоймаған. Олардың арасындағы бір жылдан астам уақытқа созылған экономикалық құлдырау үлкен қысым тудырды.  Екі тарап та өз мүдделеріне алаңдаулы, сауда әріптестігі өзара тиімді болғандықтан бір-бірін қанағаттандыратын шешім қабылдады. Егер бір жақтың ғана мүддесі орындалса, бұл келісімнің мерзімі ұзаққа бармайды.

Хабар 24 телеарнасы