383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Венесуэланың коммуникация министрі Гуайдоны лаңкестік әрекет жасады деп айыптады

  • 601
  • UPD: 23:22, 25.02.2019

Венесуэлада жағдай ушығып барады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Елге өз аяғымен келген гуманитарлық көмекті президент Мадуроны жақтайтын әскерилер шекарадан ақыры өткізген жоқ. Өткізбегені былай тұрсын, жүктің жартысын от қойып өртеп жіберді. Артынша көмекке зәру халық пен әскерилер арасында қақтығыс болған. Құрбандар бар. Бұл жағдайға Венесуэла коммуникация министрі Хорхе Родригес Хуан Гуайдоны кінәлады. Тіпті шекарадағы әрекет оппозиция басшысы ұйымдастырған террорлік акт дейді. Министрдің айтуынша, оппозиция жетекшісі президент пен халықты шағыстырып, шетелдіктердің қуыршағына айналып отыр. Ал бұл орайда халықаралық ұйымдар, керісінше, Мадуроны айыптап жатыр.

Ричард Брэнсонның қолдауымен ұйымдастырылған концерт өтті. Артынша Мадуроны қолдауға арналған шара да тыныш өткен. Содан соң елге гуманитарлық көмек жеткізілгенде әскерлер қарсы тұрып, көз жасаурататын газ қолдана бастады.

Өткен демалыс венесуэлалықтар үшін оңайға соқпады. Нәтижесі бүгінгідей. Құдды әлем екіге бөлінгендей. Бірі – Гуайдо жақтастары, әсіресе халықаралық ұйымдар. Екіншісі Мадуроны қолдайды. Тіпті Венесуэланың коммуникация министрі Гуайдоны лаңкестік әрекет жасады деп айыптады.

Хорхе Родригес, Венесуэла коммуникация министрі:

- Хуан Гуайдоның демалыс күні жіберген әлеуметтік көмегі – террорлық акт. Ол ел әскерлеріне қарсы шығып, шекараны ашуды талап еткен. Шекарада болған зорлық-зомбылық әрекеттеріне Гуайдо кінәлі. Себебі жағдайды ушықтырған сол!

Оппозиция басшысын жерден алып, жерге салған Хорхе Родригес концертке қатысқан әртістерді де сөкті. Бірақ халықаралық ұйымдардың пікірі басқа. Олар елге гуманитарлық көмекті кіргізбеген Мадуроны айыптайды. Тыңдайық.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Венесуэла шекарасында бейбіт тұрғындар қаза тауып жатыр. Олардың жақындарына қайғырып, көңіл айтамын. Тараптарды сабырлы болып, елдегі жағдайды тұрақтандыруға шақырамын. Зорлық-зомбылыққа қалай да жол бермеу керек.

Федерика Могерини, ЕО дипломатиясының басшысы:

- Елдің құқық қорғау органдары мен қауіпсіздік қызметкерлерін бейбіт тұрғындарға қарсы күш қолданбауға шақырамын. Елге әлеуметтік көмекті қалай да кіргізу қажет деп ойлаймын. Тұрғындарды қорқытып, мазасын қашыратын қарулы топтар құруды тоқтату керек. 

Бұл айыптаулар шекарадағы жанжалға қатысты. Сенбі күні өзін-өзі президент деп жариялаған Хуан Гуайдо Колумбияның Кукута қаласынан елге әлеуметтік көмек жіберген болатын. Бірақ Мадуро шекараны жауып, қалай да көмекті кіргізбеуді бұйырған. Дәрі-дәрмек пен азық-түлік артқан жүк көліктері шекараға жеткенде әскерилер жолды бөгеп, көз жасаурататын газ қолданды. Салдарынан көмек күткен жұртшылық пен әскерилер арасында қақтығыс басталды. Ереуілден екі адам қаза тапты. 300 тұрғын зардап шекті. Сұмдығы сол, әлеуметтік көмек әкелген жүк көліктерін әскерилер жағып жіберген.

Шекарадағы көтерілістен соң Венесуэла президенті Николас Мадуро Колумбиямен түбегейлі арақатынасын үзетіндігін мәлімдеді. Оның айтуынша, шетелдіктердің көмегін жинайтын орталық ашқан Богота Каракас үшін енді серіктес емес. Тіпті Мадуро Колумбиядан елдегі елшіліктерін алып кетуді талап етті. 

Николас Мадуро, Венесуэла президенті:

- Шыдамның  да шегі бар. Өзгенің Венесуэлаға Колумбия аумағы арқылы шабуыл жасауынан шаршадық. Сол үшін Колумбияның фашистік үкіметімен саяси, дипломатикалық, экономикалық басқа да қарым- қатынасымызды үземіз. Дипломаттар елден кетсін. Олигархтар, құрыңдар!

Осылайша, Мадуро көршілерімен кетісіп, шекарасын бекітіп жатыр. Ал елге көмекті кіргізе алмаған оппозиция басшысы Боготаға аттанды. Хуан Гуайдо Лима тобының саммитіне қатысып, халықаралық қауымдастықтан көмек сұрамақ.

Хуан Гуайдо, оппозиция көшбасшысы:

- Шекараға жеткен гуманитарлық көмекті жағып жіберу өте қатыгез әрекет. Елде дағдарыс жалғасып жатыр. Кешегі көмекті қабылдағанда, бұлай болмас еді. Енді Лима тобының саммитінде өңір президенттерімен және АҚШ вице-президенті Майк Пенспен кездесемін. Венесуэланы тәуелсіз, егемен ел ету үшін қолдан келгенін жасаймын.

Ал бұл арада Мадуроның жақтастары оппозицияға өтіп жатыр. Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, 156 қауіпсіздік қызметкері Колумбия шекарасына өтіп, Гуайдоның тобына қосылған. Бұған дейін де республика қарулы күштерінің екі полковнигі мен бір генералы оппозиция басшысын президент ретінде мойындаған еді.

Жүктің оттан аман қалғаны қайтадан Кукутадағы орталыққа жеткізілді. Бірақ енді Бразилиямен арадағы шекарада ереуіл басталды. Мұндағы жұрт та елге әлеуметтік көмекті қалайда кіргізуді талап етіп отыр.  

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы