389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ханойда қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді

  • 554
  • UPD: 23:16, 26.02.2019

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын бүгін арнайы пойызбен Вьетнамға барды. Ол АҚШ президентімен кездеседі. Осыған байланысты қалада қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді.

Пхеньяннан Вьетнам шекарасына дейінгі қашықтық – төрт жарым мың шақырым. Солтүстік Корея басшысы осы жолға брондалған арнайы пойызбен шыққан. Ким Чен Ынның атасы мен әкесі де шетелге осылай қатынайтын. Сапарының басым бөлігі Пхеньянның жақын одақтасы -  Қытай аумағымен өткен. Стансалардың бірінде жұрт шылым шеккен Ким Чен Ынды байқаған. Ал Дананг стансасында ол жергілікті тұрғындармен сәлемдесіп, көлігін ауыстырған. Ханойға қалған 170 шақырымын лимузинге мініп келді.   

Вьетнам астанасында әскер мен полиция қаптап жүр. Өткен жексенбіде Ханойға Солтүстік Корея қауіпсіздік қызметінің жүзге жуық қызметкері келген. Ким Чен Ын тоқтаған мейманхана маңындағы жолдар бөгеліп тасталды. Ал қалада Солтүстік Корея басшысына 30 автокөлік пен екі броневиктен тұратын керуен еріп жүрген.

Владислав Цой, тілші:

Ханойдағы екі қонақ үйді әскерлер тәулік бойы қорғап тұр. Олардың біріне Дональд Трамп жайғасқанын ескерсек, екіншісінде Ким Чен Ынның резиденциясы орналасқан. Ал Солтүстік Корея басшысы тұрақтаған қонақүйдің алдына бронетранспортерлар қойылған.

Қала орталығында жергілікті тұрғындар, тілшілер мен туристтер қаптап жүр. Олар Ким Чен Ын керуенін өз көзімен көру үшін арнайы келген.

Пхам Тхи Тхан, Ханой қаласының тұрғыны:

- Бүгін Ханойда Дональд Трамп пен Ким Чен Ынды қарсы алу - біз үшін үлкен абырой. Ядролық мәселені шешу үшін Вьетнамды таңдағанына өте ризамыз.

Ву Тхи Хан, Ханой қаласының тұрғыны:

- АҚШ пен Солтүстік Корея арасында саммит біздің қалада өтетініне қуаныштымын.

Сарапшылардың пікірінше, Ким Чен Ынның таңдауы кездейсоқ емес. Ол елін Вьетнам үлгісімен дамытқысы келіп отыр. Кезінде бұл ел АҚШ-пен соғысқан. Бірақ кейін Вашингтонмен экономикалық қатынас қайта орнатып, социалисттік даму бағытын жалғастырды.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы