382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Амстердамдықтар велосипедпен жүруге неге құмар?

  • 618
Амстердамдықтар велосипедпен жүруге неге құмар?

Амстердам – велосипедтер кеңінен тараған қалалардың бірі.

Бұл салада Нидерланд астанасымен тек даниялық Копенгаген қаласы жарыса алады. Ел тұрғындарының велосипедтерге құмары өткен ғасырдың 70-жылдары басталған. Бүгінде көліктің осы түрімен жүруге барлық жағдай жасалған.

Нидерланд астанасында қоғамдық көлік жүйесі жақсы дамыған, трамвай мен автобустар күні-түні жүреді. Дегенмен Амстердамдағы көліктің басты түрі – велосипед. 820 мың тұрғынының 881 мың велосипеді бар. Ал осы көлікке арналған тұрақтар кез келген жерде орнатылған. Мәселен, қаланың орталық теміржол вокзалында 10 мың велосипедке арналған тұрақ бар. 

Карлос Очоа, Амстердам қаласының тұрғыны:

– Күн сайын велосипедпен жүремін, жұмысым да осымен байланысты. Мұнда көліктің осы түріне қолайлы жағдай жасалған, көлік қозғалысының жүйесі де осыған ыңғайластырылған. Сол себептен велосипедпен жүру оңай. Бұл біздің ұлттық дәстүрімізге айналды. 

Сильвия Гаиро, Амстердам қаласының тұрғыны:

– Амстердамда әрбір адам велосипедпен жүре алатыны керемет. Жаңбыр жауса да, күнде осы көлікке мінемін. Қаланың солтүстік бөлігінен оқып жүрген консерваторияға қатынаймын. Тез жетіп, ауаны ластамаймын, денсаулыққа да өте пайдалы.

Екі аяқты, бір ізді көліктің көп болғаны соншалық, кейде кептеліп қалады. Бұл ретте велосипедпен қалада жүру ережелерін білу маңызды.

Карлос Очоа, Амстердам қаласының тұрғыны:

– Қаламызда велосипедпен жүруге тырысқан туристерді сыйлаймын. Бірақ ереже білмегендіктен, олар кейде қауіпті жағдай жасайды. Кейбір тұрғындарымыз осыған ренжиді, өйткені көбісі жұмыстарына асығып барады.

Амстердам қаласы көлемі жағынан шағын болғанмен, халық тығыз қоныстанған. Шаһарда велосипедпен жүру ыңғайлы. Ауа райы да қолайлы. Дегенмен амстердамдықтар бұл қанымызға сінген қасиет емес, осы әдетті қалыптастыру қолымыздан келсе, өзге де қалалар мұны енгізе алады дейді.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы