389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германияда мұғалімдер мен тәрбиешілер ереуілге шықты

  • 325
  • UPD: 12:18, 28.02.2019
Германияда мұғалімдер мен тәрбиешілер ереуілге шықты

Германияда мемлекеттік қызметкерлердің ереуілі өтті. Бұл жолы көшеге наразылық танытқан мектеп ұстаздары мен тәрбиешілер шыққан. Берлин қаласындағы балабақшалар мен бастауыш сынып мектептері екі күнге жұмысын тоқтатты.

3 мыңға жуық ағартау саласының мамандары шаһардың орталық көшелерін кезіп, көшедегі көлік қозғалысын тежеді. Жиналған жұрт биліктен еңбек ақыларын 6 пайызға көтеруін талап етеді. Наразыларды қолдап полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер де жұмысқа шықпаған. Бүгін Потсдам қаласында тарифтер бойынша келіссөздер өтуі тиіс. Егер билік өкілдері мен кәсіподақ мүшелері бір мәмілеге келмесе тәрбиешілер қайта ереуілге шығатынын айтып отыр.

Аника Вернер, тәрбиеші:

- Мен Берлиндегі балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Мекемеміздің жұмысын тоқтатып, ұжым болып наразылық акциясына  шығып отырмыз. Арамызда ата-аналар да бар. Кейбіреулері балаларымен бірге жұмысына кеткен. Біз жалақымыздың өскенін қалаймыз.

Астрид Вестхоф, Ver.di кәсіподағының тарифтері бойынша сарапшысы:

- Білім беру саласына бөлінетін қаржыны көтеру керек. Бірінші рет ереуілге шығып тұрған жоқпыз, әлі де шығуымыз мүмкін. Жұмыс беруші тарап біздің талаптарымызға құлақ аспайын деп тұр.

Хабар 24 телеарнасы