386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Венесуэладағы жағдайға алаңдаған әлем елдері ортақ шешімге келе алмады

  • 489
  • UPD: 20:01, 01.03.2019

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Венесуэла бойынша резолюцияны қабылдай алмады. Себебі АҚШ-тың елде жаңадан сайлау өткізу керек деген ұсынысына Қытай мен Ресей вето қойып тастады. Кейінірек, Ресей тарапының қарама-қайшы жобасын Кеңеске мүше 15 елдің 4-еуі ғана бекітті. Осылайша халықаралық ұйымның отырысы нәтижесіз аяқталды. Резолюциясы қабылданбаған америкалық тарап, Мадуроның режимін қолдағандарды қатаң сынға алды.

Эллиот Абрамс, АҚШ-тың венесуэла бойынша  ресми өкілі:

-Біз ұсынған резолюцияға қарсы дауыс беру арқылы Кеңестің кейбір мүшелері Мадуроны қолдап, венесуэлалық тұрғындардың зардап шегуіне жол беріп отыр. Бұл әдейі жасалған дағдарыс шектен шығып кетті. Зияны қарапайым халыққа тиюде.

Американың бұл сөзіне Ресей тарапы бірден қарсы шығып, АҚШ Венесуэлаға әскерімен бірге басып кірмек деп айып тақты. Өйткені Ақ Үй ұсынған құжатта елде кезектен тыс сайлау өткізіп, Каракасқа ол үдерісті қадағалау үшін шет елдік бақылаушыларды кіргізу керек делінген. Бұған қарсы шыққан ресейліктер керісінше Венесуэланың егемендігін қолдап, әлеуметтік көмек бойынша шешімді қазіргі үкімет өзі қабылдауы керек деп отыр.

Василий Небензя, РФ БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Бүгінгі отырыстың қорытындысы Венесуэладағы жағдайға араласуға мүмкіндік бере ме деп үрейленіп отырмыз. Резолюция қабылданбағандықтан өзге тараптар Қауіпсіздік Кеңесі әлеуметтік тұрақтылық орнатуға қауқарсыз деп елдің ішкі жағдайына араласып кетуі мүмкін.

Мадуро мен Гуайдо билікті бөлісе алмай жатқанда ел тұрғындары қоқыстан тамақ іздеуге мәжбүр. Ия, ия бұл рас ақпар. Мадуро шекараны шегендегелі, әлеуметтік көмекке шектеу қойғалы тұрғындар ішерге ас таппай тентіреп жүр. Дәрі-дәрмек үшін шекараны жаяу, су кешіп өтуге мәжбүр. Ашынған жұрт жағдайларын бір ғана сөзбен, «қажыдық» деп жеткізді.

БЛИЦ:

- Үкіметтің қарапайым халыққа жаны ашысыншы. Шекараны ашып, азық-түлік пен дәрі-дәрмекті кіргізгенін қалаймыз.

- Қажып, шаршап біттік. Үйімде екі балам ауырып жатыр. Оларға дәрісі мен жейтін тамақ апару үшін осылай жаяу шекара асып сенделу керек.

Ел жағдайының нашарлауына әлеуметтік дағдарыстан бөлек, америкалық санкция да әсер еткен. Венесуэла мұнайының импорты желтоқсан айында күніне 484 мың баррельді құраса, бүгін 149 мың баррельге төмендеген. Мадуро енді мұнайын өткізетін ел іздеп әлек.

Ал өзін өзі президент етіп жариялаған Гуайдо Бразилияда. Үкіметті құлату үшін қолдау іздеген оппозиция басшысын елге келген соң темір торға қамауы мүмкін. Себебі оған шет елге шығуға Жоғары сот тыйым салған еді.

Хуан Гуайдо, оппозиция басшысы:

- Мадуро тарапынан өзіме және отбасыма түрлі қоқан-лоққы көрсетіліп жатыр. Тіпті темір торға қамаласың дейді. Соған қарамастан дүйсенбі күні еліме ораламын. Бразилиядан және тағы 60 мемлекеттен қолдау таптым. Болашақта Мадуроның режиміне нүкте қоямыз.

Оппозиция басшысы елге қолдау іздеп жатса, Венесуэланың қорында бар 8 тонна алтын қолды болды. Бұл туралы парламенттегі оппозия өкілдері мәлімдеді. Олардың айтуынша, мемлекеттік қазынадағы алтын шет елге заңсыз сатылуы мүмкін. Әзірге орталық банк бұл ақпарға қатысты мәлімдеме жасамады.

Хабар 24 телеарнасы