433,55 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҰҰ Сириядағы жағдайға алаңдаулы

  • 1463
  • UPD: 20:33, 05.03.2019

Наурыздың алғашқы үш күнінде Сирияның Идлиб, Хама және Аллепо өңірлерінде 4 бейбіт тұрғын оққа ұшып, бірнешеуі жараланды.

Бұл туралы  БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик мәлімдеді. Ұйым елдің солтүстік-батысындағы үздіксіз шайқастар үшін алаңдаулы. Естеріңізге салайық, араб және күрдтерден жасақталған Сирияның демократиялық күштері Багуз елді мекенін қоршауға алған. Сөйтіп 18 сағаттың ішінде «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымының өліспей беріспеуге бекінген соңғы содырларын талқандауға кірісті. Қаңтар айында осы ауылдан бейбіт тұрғындар шығару үшін әлеуметтік дәліз салынған. Осы жолмен соңғы айда 20 мың адам қыспақтан құтқарылды.

Багуздан 50 мыңнан астам бейбіт тұрғын шығарылған екен. Қазір олар Әл-Хол лагеріне орналастырылды. Сондай-ақ жүздеген содыр өз еркімен берілген. Олардың тағдыры қалай болатыны әлі белгісіз.

Соғыстан көз ашпаған Сирия оның зардабын әлі талай уақыт тартатын сыңайлы. Себебі содырлар басып алған аймақтар мен ұрыстар алаңында жарылғыш заттар бей-берекет қараусыз жатыр. Ал бұл аймақтарда 10 миллион адам өмір сүреді. БҰҰ бас хатшысы ресми өкілінің айтуынша, демалыс күндері екі адам осындай миналарға тап болып, тіл тартпай кеткен. Бұдан бөлек, содырлармен қырқыстан зардап шеккен халық гуманитарлық көмекке мұқтаж.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі:

– Багуз аймағынан көшірілген тұрғындарға қолдау көрсетуге ниет білдірген елдер қазір алаңдаушылық білдіріп отыр. Себебі содырлардың шеңгелінен босап шығып, Әл-Хол лагеріне орналасқан адамдар саны 54 800-ге жеткен. Олардың 90 проценті – әйелдер мен балалар.

Соңғы ақпарға сәйкес, араб және күрдтерден жасақталған Сирияның демократиялық күштері кеше Багузда қалған 500 тұрғынды тапқан. Оқ қарша бораған ауылдан жаяу-жалпы безіп шыққандар да бар. Оларды әскерилер қауіпсіз дәліз арқылы өткізді. Тағы 200 бейбіт тұрғынды ауылдан көшіру туралы шешім қабылданған.

Мерван Батыл, Сирияның демократиялық күштерінің сарбазы:

– Ұрыс кезінде содырларға ойсырата соққы бердік. Ауылда отбасыларымен қалған бейбіт тұрғындар да бар еді. Қарсылық таныта алмайтынын сезген содырлар, бейбіт тұрғындардың ауылдан кетуіне жол берді. Олардың арасында жарақат алғандар мен әйелдер бар. Ең бастысы олар құрсаудан шығып, содырлардың шеңгелінен босады.

Араб және күрдтерден жасақталған Сирияның демократиялық күштері бүгін жариялаған жазбада соңғы шайқас сипатталған. Қоршауда қалған «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымының 150 содыры ақыры өз еркімен берілді. Қазір оларды Багузда ұстап отыр. Ал осы тұтқынға алынғандардың тағдыры не болмақ? Ол жағы әлі белгісіз. Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп, шеттен жалданған содырларды әр ел өзі жазалауы тиіс дегенді айтып қалған еді. Себебі қазірдің өзінде 800-ден астам содыр тұтқында отыр. Олардың дені Еуропа елдерінен. Бұл мәселені шешу үшін еуропалықтар әр елдің ішкі заңы мен халықаралық нормаларды үйлестіру қажет дейді. Кей елдер бір шешімге келген сыңайлы. Мәселен, 2014 жылы лаңкестік ұйымға қосылған жаңазеландиялық Марк Тэйлор азаматтығын сақтап қала алады. Алайда елге қайтып келген күнде сотқа тартылады.

Жасинда Ардерн, Жаңа Зеландияның премьер-министрі :

– Жаңа Зеландия азаматтарының халықаралық заң мен ішкі заңнамаға сәйкес өз құқықтары бар. Тэйлор мырзаның тек жаңазеландиялық азаматтығы бар. Және Үкімет оның азаматтығын тартып ала алмайды.

Ал Германияның бұл жөніндегі ұстанымы бөлек. Террористердің қатарына қосылған азаматтар неміс төлқұжатынан бірден айырылады. Бұл ресми Берлиннің содырларды елге жолатқысы келмейтінін көрсетеді. Багузда шайқас саябырсығанмен содыр атаулы толық жойылды деп әлі де айтуға келмейді.

Хабар 24 телеарнасы