424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Кашмирдегі автобус жарылысы арақатынасқа қалай әсер етпек?

  • 1056
  • UPD: 22:01, 07.03.2019

Үндістанға қарасты Кашмир аймағы бүгін тағы дүрлікті. Бұл жолы аялдама тұрған автобус жарылды. Полиция алдымен 18 адамның жарақат алғанын хабарлаған еді. Кейін бұл сан 32-ге жетті. Ауыр жарақаттан 1 адам көз жұмды. Үшеуі ауыр халде. Жергілікті полицияның хабарлауынша, әлдебіреулер автобустың астына жарылғыш зат қойғанға ұқсайды.

Принс Шарма, жарылыс куәгері:

- Дүкенге бас сұға бергенімде, жарылыстың даусын естідім. Көліктің дөңгелегі жарылған сияқты болып көрінді маған. Бірер сәттен кейін гранатаның жарылғанын білдік. Мына жерге жеткенімде он шақты адамның жерде жатқанын көрдім. Арасындағы төртеуі қатты жараланған.

М.К.Синх, полиция офицері:

- Адамдардан байбаламаға салмай, тыныштық сақтауын сұраймыз. Полиция тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр, және бұл іске қатысы барларды таяу арада анықтайтын боламыз. 

Дәл осы Кашмир өңірінде ақпанның 14-күні содырлар сойқан салған еді. 46 әскери адамның өлімін «Джаиш-е-Мухаммад» лаңкестік ұйымы өз мойнына алғанымен үнді елі «оларға қолдау көрсетті» деп Пәкістанға айып тақты. Ұзын-сонар әңгімені үш сөйлеммен қайырсақ. Дипломатиялық қатынасқа қатер төнді.  Шекарадағы әскерилер бір-біріне оқ жаудырды. Салдарынан ондаған бейбіт тұрғынның өмірі қиылды. Шиеленісті тоқтату үшін Үндістан мен Пәкістан бітімге келуді жөн көрді. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, атыс-шабыс аяқталысымен Кашмир елді-мекенінде кешеден бері сауда керуені көш түзеді.  Екі елден де шамамен 35 көлік қарама-қарсы бағытта жүрді. Осылайша зере майы, чили, жүзім, анар, бадам сияқты түрлі тауар тиелген жүк көліктері шекара асып жатыр.

Мухаммад Манзур Хан, көлік жүргізушісі: 

- Равалпиндиде көлігіме тауар тиегеннен кейін осында, Чакхотиге келдім. Кашмирдегі жол ашылып, Үндістанмен арадағы сауда қайта жанданды. Осыған қуаныштымыз. 

Шакил Аббаси, көлік жүргізушісі:

- Біз бейбіт өмірді қалаймыз. Үндістанмен арадағы текетірес саябырсыды. Көлігіме өнімдері артып алып, бірден Үндістандағы Кашмирге жол тарттым. Бадам әкеле жатырмын. Жеткізіп, түсіргеннен кейін қайта жол жүремін. 

Бүгін мәлім болғандай, Нью-Дели мен Исламабад Картарпур дәлізі бойынша келіссөздер өткізеді. Бұл туралы Пәкістанның сыртқы істер министрлігі хабарлады. Атап айтқанда келесі аптада Пәкістанның сыртқы істер министрі Нью-Делиге баруды жоспарлап отыр. Екі жақты кездесуде арнайы өткізу бекетінің құрылысы жайында сөз қозғалмақ.

Шах Мехмуд Күреши, Пәкістан сыртқы істер министрі:

- Біздің министрліктің делегациясы 14 наурызда Нью-Делиге барады. Бұл кездесуде арадағы Картарпур дәлізін құру жобасын талқылаймыз. Оны кез-келген адам келіп көре алуы үшін жол құрылысының жоспарын айқындаймыз. 

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, салынатын бекет арқылы үнділердің Пәкістан аумағындағы ПенджАб штатына визасыз кіріп, ондағы ғибадатханаға баруға мүмкіндік берілетін болады. Күрешидің айтуынша, Үнді делегациясы наурыздың 28-і Исламабадқа келуі тиіс. Алайда бүгінгі оқыс оқиғадан кейін бұл жоспар кейінге қалуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы