387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украина арулары 8 наурызда сегіз шақырым жолды жүгіріп өтті

  • 673
  • UPD: 20:49, 08.03.2019

Сегізінші наурызда – сегіз шақырым жүгіру.

Украинада мерекелік күн ерекше спорттық шарамен жалғасын тапты. Киев қаласының арулары жүгіру алаңына зор ықылыспен және көтеріңкі көңіл-күймен келді. Шараға украиналық бес жүзге жуық нәзік жанды қатысты.

Мария Карачина – Украинадағы «Қыздар жүгіреді» спорттық шарасының авторы. Ол жүгіруді – қозғалыс, ал қозғалыстағы қыздардың барлығы әдемі деп біледі. 4 жыл бұрын қолға алынған іс-шараға бастапқыда 20 ғана қыз қатысқан, бүгінде олардың саны 25 есеге артып, бес жүзге жетті.

Мария Карачина, Украинадағы «Қыздар жүгіреді» шарасының авторы:

– Дәл мереке күні бүгін біз қозғалыс, жүгіру және спорт арқылы қыздардың сұлулығын паш еткіміз келді. Қыздар белсенді, жігерлі, қуатты болған кезде әдемілігі еселене түседі.

Оксана мен Ира да көктем мен әйелдер мерекесін жүгіру жарысына қатысу арқылы атап өтуді жөн көріпті. Шараға келген қыздардың дені әдеттегідей спорттық формамен емес, мерекелік киімдерін киіп келген.

Ира Дэмчина, «Қыздар жүгіреді» шарасына қатысушы:

– Құрбымды қолдап келгенмін. Оксана марафонға қатысады үнемі. Бүгін мен 4, ал құрбым 8 шақырымды жүгіріп өтеді.

Оксана Лиса, «Қыздар жүгіреді» шарасына қатысушы:

– Әрине дайынмын, оның алдында жартылай марафонға қатысып, 21 шақырымды жүгіріп өткенмін. 8 шақырым маған сөз емес. Қазақстан қыздарын мерекесімен құттықтап, қуаныш және бақытты күндердің мол болуын тілеймін!

Аида Қыдырбай, тілші:

– «Мереке күнгі жүгіру шарасының екі бірдей ұтымды тұсы бар», – дейді украин әйелдері. Алдымен мұндай спорттық шара денсаулыққа пайдалы, ал екіншіден жүгіру арқылы суық күнді артқа тастап, жанымызға жылы маусымды жақындаттық дейді олар. Бұл марафонның бір ерекшілігі, мұнда жүлделі орын ешкімге берілмейді, соңынан келсең де ешкім сені сынамайды, жүгіру бойынша қатаң талап жоқ. Мұнда марафонға қатысушы әр әйелді құрметтеп қарсы алу ғана бар.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Мацко

Хабар 24 телеарнасы