423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Эфиопиядағы ұшақ апаты: Ethiopian Airlines басшысы ресми мәлімдеме жасады

  • 1524
  • UPD: 20:07, 11.03.2019

Кеше Эфиопия әуежайынан аспанға көтерілген Boeing 737 Max-8 ұшағы араға алты минут салып апатқа ұшыраған болатын.

Борттағы экипажды қосқанда, 157 адамның барлығы опат болды. Өткен жылдың күзінде дәл осы маркалы ұшақ Индонезия көгінен құлап, 189 адам мерт болған еді. Бұл кездейсоқтық па? Наурыздың 10-ы, Боле әуежайы, жергілікті уақыт 8:38. Дәл осы мезгілде ET 302 әуе рейсіне белгіленген Boeing 737 Max-8ұшағы әуеге көтеріледі. Бортында 149 жолаушысы бар әуе кемесі Кения астанасына бет алған. Алайда 6 минуттан кейін ұшақ радардан жоғалып кетті. Бірер сәттен соң оның Дэбрэ-Зэйт қаласының маңында құлағаны белгілі болады. Ұшақтағы барлық адам: 35 елдің азаматтары және 8 экипаж мүшесі қаза тапты. Ал Ахмед Халидтің көрер жарығы бар екен. Ұшаққа үлгермеген.

Ахмед Халид, жолаушы:

– Мен Дубайдан Аддис-Абебаға, одан кейін Найробиге ұшуым керек еді. Бірақ Дубайдан кешігіп ұштық, сондықтан Аддис-Абебадағы ұшаққа үлгермедім. Эфиопиаға жеткенімде, сағат 11-дегі ұшаққа отыруды ұсынды, мен соған келістім.

Әуе рейстерін бақылаушы Flightradar24 сайтының хабарлауынша, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін қалыпты ұшу деңгейін тұрақты түрде ұстай алмаған. Бұған қатысты Ethiopian Airlines компаниясының басшысы ресми мәлімдеме жасады.  

Теволде Гебремариам, Ethiopia Airlines компаниясының басшысы:

– Боингтің бірінші ұшқышы Мұхаммад Нұр Мұхаммад – Ethiopia Airlines компаниясының қызметкері. Әуеде 200 сағаттан астам ұшқан. Әуе кемесін алғаш қабылдаған кезде, яғни ақпанның 4-і күні техникалық жағдайын тексергенбіз. Жаңа ұшақ екеніне көзімізді жеткен еді.

Ethiopia Airlines 8 әуе кемесі – Боингтің соңғы төртінші үлгісі. Жаңғыртылған нұсқасында CFM International компаниясы жасаған қуатты қозғалтқыш орнатылған. Жаңа үлгідегі 737 Мах боингі алғаш рет 2017 жылы мамыр айында қолданысқа берілген. Соңғы бес айда екінші рет апатқа ұшырауы Боинг компаниясының беделіне нұқсан келтіретіні сөзсіз. Естеріңізге салсақ, былтыр қазанның 29 күні индонезиялық Lion Air әуе тасымалдаушысына тиесілі дәл осы ұшақ әуеге көтерілгенен кейін бірден Ява теңізіне құлаған еді. Ол кезде 189 адам қаза тапқан. Қара жәшік жазбаларын тексергеннен кейін қозғалтқышта ақау болғаны анықталды. Ұшақтың техникалық жағдайынан секем алған Қытай Боинг рейстерін уақытша тоқтатты.

Сюй Яньмэй, қоғаммен байланыс бөлімінің қызметкері:

– Қауіпсіздік – біздің жұмысымыздағы ең басты бағыт және біз апаттың барлық себебін анықтау үшін жан-жақты әрекет етіп жатырмыз. Тексеру тобымен, реттеуші органдармен тығыз байланыстамыз. Жұмыс жаңа басталды, сондықтан қандай да бір ақпарат беруге ертерек.

Ал Flydubai әуе компаниясы бұл ұшаққа ешбір мін тақпайтынын алға тартады. Эфиопияда құлаған ұшақтың дыбыс жазғышы мен қара жәшігі табылды. Қазір олар сараптамаға жіберілген. Оның қорытындысы бойынша апаттың нақты себептері белгілі болады.

Хабар 24 телеарнасы