384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Венесуэлада төтенше жағдай жарияланды

  • 533
  • UPD: 23:46, 12.03.2019

Ел парламенті оппозиция басшысы Хуан Гуайдоның өтініші бойынша осындай қадамға барған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өйткені халық 5 күн бойы жарық, су, байланыссыз отыр. Мадуро елдегі бұл жағдайға АҚШ-ты кінәлайды. Ал Майк Помпео Ресей мен Кубаны айыптап, қарсы санкция салатынын мәлімдеді.

«Апатты жағдайға байланысты ел бойынша төтенше жағдай жариялансын». Бұл – Хуан Гуайдоның өтінішімен Венесуэла парламенті бекіткен қаулы. Отырыста оппозицияшыл парламенттегі депуттаттар халықтың 5 күн жарықсыз отыруына, яғни блэкаутқа байланысты осындай шешім қабылдады. «Төтенше жағдай» режимі елге халықаралық көмек кіргізуге, энергиямен жабдықтау жүйесін әскерилердің бақылауына өткізуге және блэкаутқа қарсы акцияларға кедергі келтірмеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар құжатқа сай билік электр генераторларын отынмен қамтып, Кубаға мұнай тасымалын тоқтатуы тиіс.

Хуан Гуайдо, Венесуэла оппозициясының көшбасшысы:

- Елде төтенше жағдай жариялайтындай апат болды. Халық жарық, су, тамақ, дәрі-дәрмектен қағылды. Кубаға мұнай тасымалын да доғару қажет. Өйткені олар Венесуэланың байлығын тонап жатыр. Біздің қарулы күштер кубалықтардың тыңшылықпен айналысып келгенінен хабардар болуы керек. Сол себепті өз халқымыз аш-жалаңаш отырғанда, қаражат өзгеге беруге жол бермейміз. 

Төтенше жағдай жариялайтындай Венесуэлада қандай апат болды десеңіз, айта кетейік. 7 наурыз күні елдің 80 процентін жарықпен қамтитын ең ауқымды «Эль-Гури» су электр стансасында жарылыс болды. Сөйтіп 23 штаттың 20-сы жарықсыз қалды.

Бұл жағдайға оппозиция басшысы Гуайдо Мадуро үкіметін айыптады. Ол биліктің салғырттығы, техниканың ескіруі және жемқорлықтың дендеуінен халық зардап шегіп отыр дейді. Ал Венесуэла президенті Мадуро бұл оқиғаның артында АҚШ-тың тұрғандығын алға тартады. Тіпті қасақана әрекетке барған екі адамның ұсталғанын хабарлады.

Николас Мадуро, Венесуэла президенті:

- АҚШ тарапы Венесуэлаға қарсы жоғары технологиялы кибершабуыл жасап отыр. Ең ауқымды электр стансамызға зақым келтіріп, халықты жарықсыз қалдырды. Қазір жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ бұл қасақана әрекетке қатысы бар екі күдіктіні тұтқындадық. Тергеу жүріп жатыр. Жоғары технологиялы кибершабуыл жасау тек АҚШ-тың қолынан келеді.

Мадуро АҚШ-қа айыптап жатқанда, мемлекеттік хатшы Майк Помпео Венесуэлада қалған дипломаттары мен елшілерін әкетіп әлек. «Бұл екі тарап арасындағы ушыққан қарым-қатынастың салдары», – дейді ол. Одан бөлек Мадуро режимін қолдап отырған Ресей мен Кубаға сес көрсетіп үлгерді. Помпеоның айтуынша, Ресей АҚШ санкциясына қарамастан Венсуэладан мұнай сатып алып, Мадуроны қару-жарақпен қамтып отыр. «Ал Кубаның қолдауы бұл елді әлеуметтік дағдарысқа әкелді», – дейді саясаткер.

Майк Помпео, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

- Соңғы күндері венесуэлалықтар өркениеттен тыс қалды. Жарық жоқ. Су жоқ. Сорақысы, ауруханадағы науқастар ажал құшып жатыр. Азық-түлікте жарамсыз болып қалды. Байланыс жоқ. Николас Мадуро халыққа әлеуметтік тұрақтылық болады деп уәде берген еді ғой? Үкіметтің бұл режимі экономикалық апатқа әкелді. Куба мен Ресей қолдауының нәтижесі бүгінгі Венесуэла!

Венесуэладағы жағдай түзелер емес. Билік 5 күннен бері жарық жүйесін қалыпқа келтіре алмай жатыр. Салдарынан мына бейнетүсірілімде көріп тұрғандарыңыздай, халық сусыз, байланыссыз отыр. Жұрт лас өзеннен су ішуге мәжбүр. Азық-түлікке де зәру. Жоқшылықтан қылмыс көбейді. Ұлттық гвардия дүкен тонаған 40-қа жуық тұрғынды ұстады. Ал халық қолдан келер қайран жоқ деп қапалы.

Каракаста мектептер жабық. Миллиондаған адам таситын метролар тоқтап тұр. Шыдамы таусылған халық наразылық танытып, ереуілге шықты. Ал билік жарық жүйесінің қай уақытта қалыпқа келетінін айта алмай отыр.

Әзірге қолда бары, АҚШ-тың қаржы министрлігі жариялаған санкциялар тізімінде ресейлік банк бар. Себеп Мадуро режимін қолдап, қаржыландырды деп көрсетілген.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы