385,01 426,40 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытай Орталық банкі: Юань бағамы сауда соғысында қару ретінде қолданылмайды

  • 603
Қытай Орталық банкі: Юань бағамы сауда соғысында қару ретінде қолданылмайды

Юань бағамы сауда соғысында қару ретінде қолданылмайды.

Қытай Орталық банкінің басшысы осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қаржы нарығы реформалар мен ашықтық саясатының аясында реттеліп отырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүкілқытайлық халық өкілдерінің 13-сессиясы аясында Қытайдың Бас банкирі баспасөз мәслихатын өткізді. И Ган АҚШ-пен сауда соғысында юаньды қарсы құрал ретінде пайдаланылу мәселесін жоққа шығарды.

«Сыртқы саудадағы келіспеушіліктерге мұқият қарау қажет. Валюталық бағамды бәсекелестікке пайдалану мүмкін емес. Ол сауда соғысында күрес құралы бола алмайды», – дейді Қытай Орталық банкінің басшысы. Сонымен бірге И Ган келіссөз жүргізуші тараптардың нарықтық айырбас бағамның тәртібіне сай пікір алмасқанын айтты.

И Ган, Қытай халықтық банкінің төрағасы:

– Біз G20 саммитінде тараптардың бір-біріне берген уәделеріне байланысты жиын өткіздік. Оның ішінде девальвация жасамау және айырбас бағамын бәсекелестік мақсатта пайдаланбау мәселелері де талқыланды. Тараптар қаржылық нарықта тығыз байланыс орнатамыз деп уағдаласты.

Осыған дейін Вашингтон Бейжіңді ұлттық валюта бағамын өз пайдасына қарай құнсыздандырады деп айыптаған еді. Қытай қашан да бұл уәжге үзілді-кесілді қарсы. Ол сауда соғысында ақшасын қару ретінде қолданбаған және қолданатын ниеті де жоқ деп қайталаумен келеді.

Ал экономист Лю Иннің айтуынша, Қытай – әлемде маңызды орны бар сауда державасы. Қазір елдің импорты мен экспорты тұрақты. Сондықтан юаньді құнсыздандыру немесе оның бағасын өсіру елдің экономикасына зиян келтіреді, дейді.

Лю Ин, Қытай халық университеті қаржылық зерттеу институтының сарапшысы:

– Шынын айтқанда, АҚШ доллары әлемдік валюта ретінде өзіне үлкен жауапкершілік алуы керек. Олар айырбас бағамының мәселелерін басқа елдерге ығыстырмауы қажет. Федералдық резервтік жүйе пайыздық мөлшерлемені ұдайы өсіре береді. Сондықтан басқа валюталар құнсызданып кетеді.

Валюта бағамы – қазір екі елдің арасында жүріп жатқан сауда келіссөздерінің басты мәселесі. АҚШ юань бағамының тұрақты болғанын қалап отыр. Сауда келіссөздерінің қорытындысы бойынша қабылданатын өзара түсіністік жөніндегі меморандумда осы сұрақтар қамтылады. Ол келісімді алдағы уақытта Си Цзиньпин мен Дональд Трамп мақұлдауы мүмкін.

Авторы: Нұрбек Бекен

Хабар 24 телеарнасы