423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытай тауар өндіруде саннан сапаға көшіп жатыр

  • 1040
  • UPD: 15:13, 14.03.2019

Қытай күнделікті тұтынатын тауарлар тапшы мемлекеттен әлемдегі жеңіл өнеркәсібі өркендеген елге қалай айналды?

Ашық саясат реформасына дейін шекарасын қымтап отырған шығыс көршіміз соңғы 40 жылда жан-жақты ынтымақтастықты арттырған ірі экономика атанды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Дүниежүзін Made in China тауарларымен жаулап, әлемдік фабрика болып отыр. Қазір саннан сапаға көшіп, Қытайда жасалған маркасының бұрынғыдай ұятқа қалдырмай, керісінше, мақтанатын дәрежеге жеткізуге тырысып жатыр.

Дәстүрлі жоспарлы экономикалық жүйеден социалистік нарықтық экономика құрған Қытай елі қазір өзін қойып, өзгені жарылқайды. Мұнда өндірілетін тіс шұқығыштан бастап адамзаттың күнделікті тіршілігіне қажетті тауарлар бүкіл әлемге экспортталады. Былтыр Қытайдың жеңіл өнеркәсібі ұлттық экономиканың дамуына мол үлес қосқан.

Аталған саладан түскен табыс 24,2 триллион юаньды құрады. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 8,5 процентке артқан. Ал экспорт көлемі 599,8 миллиард долларға жеткен. Қытай жеңіл өнеркәсібі қауымдастығының ресми сайтындағы мәлімет бойынша экономиканың дамуына қомақты үлес қосқан салалардың ішінде аккумулятор, тұрмыстық техника, велосипед, әйнек және жиһаз өндірістері бар екен. Саннан сапаға көшкен Қытай өткен жылдары тек әжетханаға арналған «шеңбер» экспортынан 340 миллион доллар табыс түсірген. Бұл тауарды АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Нидерланды сияқты мемлекеттерге шығарады екен. Әрине, оның ішінде көрші елдер де бар.

ТМД елдерінен келген туристер көп жүретін Ябаоулы ауданында ара-тұра отандастарымыз кезігіп қалады. Бірақ қазақстандықтарға қарағанда қазір Өзбекстан саудагерлері өте көп. Оны қытайлық сатушылар да жиі айтады. Одан кейін Ресей, Украина мемлекеттерінің кәсіпкерлері бар. Ал Бейжің арқылы сауда-саттық жасайтын жерлестеріміз көп емес. Негізгі сауда Қорғас шекара маңы ынтымақтастығында қызып жатқан сияқты.

Қытай жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының мәліметі бойынша, 2017 жылы тері және жүн өнімдері, аяқ киім, тұрмыстық техника, қауырсын заттар, спорт тауарларын сыртқа саудалаудан түскен табыс 50 миллиард доллардан асқан.

Әрине, «Бір белдеу, бір жол» бойындағы мемлекеттерге де өз тауарын көптеп шығарып жатыр. Оның көрсеткіші 8,78 процентке артыпты.

Авторы: Нұрбек Бекен

Хабар 24 телеарнасы