419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Boeing 737 MAX-қа қатысты Трамптың мәлімдемесін кәсіпорынның өзі қолдап отыр

  • 978
  • UPD: 20:26, 14.03.2019

АҚШ Президенті Дональд Трамп та Boeing 737 MAX лайнерлерінің ұшуына тыйым салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең қызығы, әуе кемесін өндіретін кәсіпорынның өзі Ақ үй басшысының мәлімдемесін қолдап, әлем елдерін ұшақтың бұл сериясын әзірге қолданбауға шақырды. Айта кетейік, мұндай мәлімдемелер Эфиопиядағы жантүршігерлік апаттан соң жасалып отыр. 10 наурызда дәл осы маркалы ұшақ көкке көтерілгеннен кейін 6 минуттан соң апатқа ұшырап, 157 жолаушы қайтыс болған еді.

Жаһанның 40 әуе компаниясы Boeing 737 MAX ұшағын сатып алған екен. Барлық ел бірауыздан әуе кеменің көкке көтерілуіне тыйым салған. Қазақстандағы SCAT әуекомпаниясына тиесілі дәл осы маркалы 1 дана ұшақ та қазір жолаушылар тасымалын тоқтатты.

АҚШ президенті Дональд Трамп соңғылардың бірі болып Boeing 737 Max 8 және 9 лайнерлерінің көкке көтерілуіне тыйым салды. Артынша, бірден қаулыға қол қойды. Ақ үй басшысының айтуынша, қазір рейске шыққан ұшақтар жерге қонған соң, бірден жұмыстарын тоқтатады. Әуе компаниялары мен ұшқыштар бұл мәлімдемен хабардар. Трамп өз сөзінде жолаушылардың қауіпсіздігі бірінші орында екендігін айта кетті.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Boeing 737 MAX сериялы ұшақтардың ұшуына тыйым салатын төтенше заңға қол қойдым. Бұл туралы АҚШ Федералды авиация басқармасы, көлік министрі және Boeing компаниясының бас директорымен сөйлестім. Барлығы бір ауыздан қолдап отыр. Индонезия мен Эфиопиядағы апаттан көз жұмғандардың жақындарына қайғырып, көңіл айтамын. Boeing компаниясы-мән-жайды анықтау үшін қолдан келгенін жасап жатыр.

Ақ үй басшысының бұл мәлімдемесінен соң, нарықта Boeing компаниясының акциялары 2 процентке құлдырады. Соған қарамастан, әуе концерннің өзі Дональд Трамптың шешімін қолдайтындығын айтты. Ең қызығы осы. Компания өз тауарына күмәнмен қарағаны ма дерсіз? Десе де Boeing ұшақтарымыз еш қауіпсіз деп сендіре кетті.

«Boeing компаниясы 737 Max ұшағының қауіпсіз екенін сеніммен айта алады. Дегенмен АҚШ Федерелды авиация басқармасы, АҚШ Ұлттық көлік қауіпсіздігі бойынша кеңесі және әлем елдеріндегі жолаушылармен кеңескеннен кейін қауіпсіздік шараларын сақтап, қоғамды ұшақтың қауіпсіз екендігіне сендіру үшін Boeing 737 MAX лайнерінің әзірге ұшуын тоқтата тұруды жөн санады. Ол әлем бойынша 371 техниканы құрап отыр».

Жалпы Boeing 737 MAX 8 деген қандай ұшақ? Неге бір жылда осы компанияның бірден екі лайнері апатқа ұшырады? Айта кетейік. Boeing – 1916 жылы алғашқы әуе кемесін ұшырған америкалық корпорация. Ал 1967 жылдан бастап 757 атты сериясы шығарыла бастайды. 2017 жылы 737 MAX ұшақтары сатылымға шығарылған. Бүгінде әлемнің 40 әуекомпаниясы бұл лайнерді меншіктеп үлгерді. 

Next Generation сериясын алмастырған «Boeing 737 MAX» 162-175 жолаушыны тасмалдауға арналған. Лайнерде соңғы үлгідегі қуаттылығы жоғары қозғалтқыш орнатылған. Жаңа жүйе «көкте маневр жасаудың жұмысын жақсарту» деп аталады. Яғни пилоттарға ұшақты басқаруға көмек беретін автожүйе. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы жаңашылдық жантүршігерлік апаттардың орын алуына сеп болуы мүмкін. 

Марк Гарно, Канаданың көлік министрі:

– Халықаралық сараптамалар индонезиялық Лион Эйр мен Эфиопиан Эйрлейнс компанияларына тиесілі Boeing 737 MAX апат себептері ұқсас екендіктері анықтады. Екі ұшақтың да жаңа автожүйесі дұрыс істемеуі мүмкін. Яғни ұшақтың тұмсығы көтеріліп кеткенде, оны автоматты түрде төменге түсіретін жүйенің ақауы болған дейді мамандар.

Мұндай нұсқа Индонезиядағы апаттан соң да айтылған еді. Ал бүгінде бұл концерннің техникасын қолданатын барлық әуекомпания ұшақтың дәл осы маркасынан бас тартып жатыр. Ал Норвегиан Эйр бас тартып қана қоймай, өтемақы талап етті.

Бьорн Кьос, норвегиялық әуекомпанияның басшысы:

– Барлығы бұл мәселе біздің компаниямыздың қаржылай жағдайына қалай әсер етеді деп сұрап жатыр. Әрине, жерде тұрған ұшақтан бізге ешқандай пайда жоқ. Жоспарланған рейстер тоқтатылды. Бұл оқиғаға байланысты компанияға келген шығын сомасын Boeing-ке жіберетін боламыз. Олар өтемақы төлейтін болады.

Бір ел апаттың себеп салдарына болжам жасап әлек. Ал бірі қарабасын ойлап, қаражатын санауда. Ал мамандар Boeing 737-дегі МСАS жүйесінің істен шығуы екі апатқа де себеп дейді. Концерн автожүйе орнатамын деп, 300-ден аса адамның өмірін жалмады деген сарапшылар да бар. Дегенмен ресми түрде расталмады бұл нұсқа.

Апат орынан қара жәшік табылды. Бүгінде сараптама жүргізу үшін компания оны Францияға жіберді. Енді тек әліптің артын бағу керек.

Еске сала кетейік, Қазақстан да Boeing 737 MAX ұшағын пайдалануға шектеу қойған болатын.

Хабар 24 телеарнасы