384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Беларусь елді мекендеріндегі жол құрылысын аяқтауды көздеп отыр

  • 177
  • UPD: 11:19, 15.03.2019

Жолдарды жөндеуге Беларусь билігі де көңіл бөледі. Үкіметтің биылғы жылға арналған жоспарында ауылды жерлердегі жолдардың құрылысын аяқтау көзделіп отыр.

Беларус соңғы кездері жолдардың сапасына ерекше мән бере бастады. Жуырда Александр Лукашенко 2020 жылға дейін күре жолдағы кемшіліктерді түзеп, ойлы шұңқырын жамау жайында тапсырма берді. Мамандар енді жергілікті автожолдардың 7 мың шақырымын жөндеу жұмыстарын жүргізу тиіс.

Олег Чесалов, депутат:

- Бізді тәжірибе жеткілікті. Бірде-бір трест, тіпті жол жөндеу мекемелері жабылған жоқ. Бәрін сақтап қалдық. Баяғы қалпынша толықтай жұмыс істеп жатыр. Бәрі де қажетті техникамен жабдықталған. Біздегі мамандар Беларусьте білім алған, осында шыңдалған. Сондықтан болар, еңбек сапасын реттеу тұрғысынан ақсаған жоқпыз, мониторинг жүргізіледі.

Беларусьтегі сапасы нашар жолдар үнемі тексеріліп отырады.  Жол жөндеушілер сайтында әр қаладағы жағдайды онлайн түрде бақылауға болады. Мұндай тәсіл жұмысшылардың шұғыл шешім қабылдап, іске жедел кірісуіне мүмкіндік береді. Тек өткен жылдың өзінде аталған «мобильді бағдарлама» арқылы елдегі ең ірі «Минск-Гродно» жолының 34 шақырымы қайта қалпына келтірілген болатын. Оған Дүниежүзілік банк қаржы бөлді. Ал көп жағдайда жол жобалары мемлекеттік қазынадан қаржыландырылады.

Юрий Важник, Көліктегі сарапшылар мен сюрвейерлер ассоциациясының басқарма төрағасы:

- Жол құрылысы мен оны күтіп ұстауға қажетті қаржы бюджеттен бөлінеді. Ол Беларусь жолдарымен ақылы жүруден тұратын төлемақыдан құрылады. Барлық магистральді жолдарда жүк көлігімен қатынауға төлемақы алынады. Сонымен қатар, шетелдік жеңіл көлік иелеріне де төлемақы міндеттелген. Бұл жол саласы бюджетінің жартысына жуығын құрайды.

Жұмысшылардың айтуынша, әлгі 7 мың шақырым автожолдың жартысынан астамы жөнделіп жатыр. «Үйге апаратын жол» деп айдар тағылып, жол сапасына жете мән берілетін елде әлі де атқарылар істер аз емес. Себебі күн сайын ауыл тұрғындары, ең құрығанда тозығы жеткен жолды жөндеп беруді сұрайды.

Хабар 24 телеарнасы