423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бельгияда әлеуметтік қорғау жүйесі қалай жұмыс істейді

  • 1339
  • UPD: 13:22, 17.03.2019

Бельгияда әлеуметтік қорғау жүйесі бұрыннан қалыптасып, ондаған жыл бойы табысты жұмыс істеп келеді.

Бұл елде жәрдемақы кімге қалай төленеді және неліктен кейде тұрғындар осы жүйеге наразылық танытады.

Бельгияның әлеуметтік қорғау жүйесі Еуропадағы ең қолайлы жүйелердің бірі саналады. Ол табысы аз, баспанасы жоқ және қиын жағдайға түскен азаматтарға жәрдем береді.

Светлана Попова, тәуелсіз кеңесші:

- Мысалы, ажырасқан әйел күнкөріс қаражатынсыз қалды дейік. Жұмысы жоқ, күйеуі де алимент төлемейді. Осындай жағдайда С.Р.А.S әлеуметтік қызметі оған шағын болса да қаржылай көмек береді.

Жұмыссыздар мен табысы аз тұрғындарға күнкөріс минимумы көрсеткішіне қажетті ақша беріледі. Балалары мен асырауында адамдары бар кісілерге және мүгедектерге жәрдемақы төленеді. Оның бөлінуін әлеуметтік қызметтер мұқият қадағалайды. Алайда сарапшылардың айтуынша, кез келген жүйеде айла жасаудың амалын табуға болады.

Светлана Попова, тәуелсіз кеңесші:

- Дәрігерге барып ауырып қалдым деген сылтаумен анықтама алатындар бар. Осы жүйені алдаудың амалын тауып, жәрдемақыға күн көруге болады. Кейбіреулердің осылай жасайтыны бәріне мәлім. Бірақ, әрине, адал еңбек еткен артық. Өйткені жұмысыңыз бен тұрақты табысыңыз болса, тұрмысыңызды жақсартуға да мүмкіндігіңіз көп болады.

Әлеуметтік жүйеге төлем жасап жүрген азаматтардың баспана мен автокөлік сатып алуға несие алуға мүмкіндігі бар. Зейнетақысына қаражат жинап жүргендер болашағын уайымдамайды. Ал бюджетті үнемдеу саясаты мен коммуналдық қызметтердің қымбаттығын ескерсек, жұмыссыздар әр тиынын санауға мәжбүр.

Марк, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Бұл – өте өзекті мәселе. Бельгия – әлеуметтік төлемдер жағынан өте тартымды ел. Бірақ негізсіз талаптар мен осы жүйені өзгелердің жөнсіз пайдалануын мұқият бақылау қажет.  Олардың кесірінен қоғамда әлеуметтік теңсіздік сезімі туындап жүр. Әрине, ауқатсыз қалған мұқтаж адамдарға көмектесу керек. Бірақ өзгелерге зиян келтірмей, осы істі реттегені дұрыс болар еді.

Жанин, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Жұмысында қысқартуға түскен немесе сырқаты салдарынан еңбек ете алмайтындарға жәрдемақы төлеу – әділ шара. Бірақ әдейі жұмыс істегісі келмейтіндерге немесе қай-қайдан  келгендерге көмек беру дұрыс емес. Олар ортақ қазынамыздан ақша алатындай әлеуметтік жүйемізге ешбір жарна төлеген жоқ.

Әлеуметтік қызметтер адал салық төлеушілерге кәсіби тұрғыдан жетілуіне көп жағдай жасап жүр. Жұмыссыз қалғандарға жаңа мамандық үйрететін курстар бар. Алайда кейбір адамдар үшін үнемі мемлекеттік қолдауға сену жаман әдетке айналған.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы