379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда полиэтилен қаптарына тыйым салынады

  • 178
  • UPD: 15:37, 19.03.2019

Бірінші сәуірден бастап Грузияда бірретік полиэтилен қаптарын шығаруға және сатуға қатал тыйым салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның орнын биологиялық жолмен ыдырайтын қаптар ауыстыруы керек. Алайда жергілікті өндірушілер бұған әлі дайын емес екені анықталып, олар үкіметтен тыйым мерзімін кері шегеруді сұрап отыр. 

Бұл – Грузияда полиэтилен қапшық дайындайтын үлкен цехтардың бірі. Күніне 200 мың дана өнім өндіреді. Бірақ көп ұзамай, бұл өндірістің тоқтап қалатын түрі бар. Өйткені зауытта полиэтиленді доғарып, биоқаптар шығаратын құрал-жабдық жоқ.

Леван Бицадзе, полиэтилен қаптарын шығарушы компанияның бас директоры:

– Полиэтилен қоршаған ортаға зиян, оған тыйым салу қажет. Бірақ мерзімі орынды болуы керек. Еуропа мен өзге дамыған елдерде бұған 3-4 жыл қарастырылса, Грузияда алты-ақ ай берген. Біз қойылған міндеттердің тек 40 пайызын игеріп үлгердік. Ал бар жұмысты аяқтау үшін, маған кем дегенде тағы да 9 ай қажет. Сонда бірінші сәуірден бастап шығарған өніміміз тек импортқа кетеді. Мыңнан астам адам ақысыз демалысқа шығады.  

Ниноның бұл компанияда жұмыс істеп жүргеніне 7 жылдың жүзі болды. Келесі айдан бастап, ол зауыттың көптеген жұмысшылары секілді табысынан айырылуы мүмкін.

Нино Чхартишвили, полиэтилен қаптарын шығарушы компаниясының қызметкері:

– Мен жалғыз өзім екі баланы асырап жүрмін. Осы жұмыстан өзге табысым жоқ. Биоқаптарға ауысу – дұрыс қадам. Балаларым сау ортада өскенін қалаймын. Бірақ жұмыстан шығарса, күнімізді қалай көреміз?

Кәсіпкерлерді алаңдатып отырған тағы бір мәселе – биоқаптар шығаруға арналған шикізат. Қазір әлемде оған сұраныс жоғары болғандықтан, өнім тапшы. Экологиялық таза қаптар негізінен бидай және жүгері талшықтарынан жасалады. Олардың толық ыдырау мерзімі – 3 ай. 

Леван Бицадзе, полиэтилен қаптарын шығарушы компаниясының бас директоры:

– Биоқаптар жасалатын шикізатты табу өте қиын. Еуропалықтар өздерінің ішкі нарығын әрең қамтып жатқанда, бізді қайтсін? Түркиядан әкеліп едік, сапасы төмен болып шықты. Қытайдан таптық. Бірақ жол ұзақ. Биоқаптар бес есе қымбат. Егер бүгінде целофан қабы шамамен үш цент тұрса, биоқаптардың бағасы 15 цент төңірегінде.  

Жаңа ережелерге үкіметтің өзі де дайын емес. Биоқаптардың сапасын тексеретін зертхана әлі жоқ. Ал бұл сапасыз өнімге жол береді. Қарапайым тұрғынға целофанды биоқаптан ажырату қиын. Сол себепті кәсіпкерлер қоршаған ортаны қорғау министрлігімен белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр. Яғни тыйым мерзімін ұзарту-ұзартпау туралы шешім айдың аяғында қабылданады.

Авторлары: Татия Джанибегашвили, Шалва Сурамелашвили

Хабар 24 телеарнасы