379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Идай дауылы Африка елдерін әбігерге салды

  • 191
  • UPD: 21:25, 19.03.2019

Идай циклоны Африканың үш бірдей мемлекетін әбігерге салды. Идай циклоны Африканың оңтүстік-шығыс бөлігіне жақындап қалғанын синоптиктер осыдан 10 шақты күн бұрын алдын ала хабарлаған. Алайда оның мұншалықты зардап шектіретінін, ешкім болжамаған еді.

Тропикалық циклон Африканың үш мемлекетінде ойран салды. Жағалаудағы Мозамбик, сондай-ақ Зимбабве мен Малави елдері алапат дауылдың астында қалды. Әсіресе Мозамбиктің  Бейра және Манупо портына келген шығын орасан зор. 

Мәселен Бейра портты қаласының 90 проценті жойылып кеткен. Екпіні тау құлатқандай, сағатына 170 шақырым жылдамдықпен соққан Идай циклоны жолындағысын жайпап өткен. Салдарынан мың жарым адам жарақат алды. Мамандардың айтуынша, 500 мың тұрғыны бар Бейрадан қауіп бұлты әлі сейілмеген. Қаза тапқандардың саны да сағат санап көбейіп барады. Би-би-си арнасының мәліметі бойынша Мозамбикте қаза 84 адам опат болған.  

Филипе Ньюси, Мозамбик президенті:

- Құтқару жұмыстарын жедел түрде жүргізу үшін достарымыздан көмек сұрадық. Қажетті құралдардың барлығы бар. Мапутода құтқару жұмыстарына  атсалысу үшін  еріктілер мен дәрігерлер  жолға шықты. Шетелдіктер бұл жаққа не үшін келді деген  сауалға берер жауабым: олар мұндай жағдайда не істеу қажеттігін жақсы біледі.  Бізге қол ұшын созуға келді. Ол үшін ақы сұрамайды.

Расымен, апаттық-құтқару жұмыстарына шетелдік мамандар көптеп тартылған. Сондай-ақ, Ұлыбритания  Үкіметі баспанасыз қалған Мозамбик тұрғындарына шатыр мен керек-жарақ жеткізетін болады. Оған қоса, Мозамбик пен Малави еліне  6 миллилон АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек жеткізбек ниетте.  Айта кетерлігі, Малавиде опат болғандардың саны 122-ге жетткен.

Ал Зимбабведе дүлей дауыл 98 адамның өмірін қиды. Елдің оңтүстігі мен шығыс бөлігінде 217 адам ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Идай циклоны үйлерді жермен -жексен етіп, жолдардың тас-талқанын шығарды. Сондықтан, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу қиындай түскен.

Тинаше Ситхоле, жергілікті тұрғын:

- Мен Нгангу-ден Скайлайнға дейін 28 шақырым жүріп өттім. Бірде-бір сау көпір жоқ. Барлығын су шайып кеткен. Тіпті Чартердегі үлкен көпірдің де түгі қалмады.

Ал Чиманимани өңірінде түсірілген мына бейнежазбадан қайғыдан қан жұтқан Зимбабве тұрғындарын көруге болады. Ағаштан жасалған табыттар шіркеудің ішіне сыймай сыртында тізіліп тұр. Олардың саны әлі де артады. Рейтер агенттігінің өкілі жағдайды былай деп сипаттайды.

Табиғаттың тосын мінезінен тек африкалықтар ғана емес, Америка тұрғындары да зардап шегуде. Мәселен, Небраска мен Айова штаттарында қыс соңғы қаһарын көрсетіп қалды. Үш адамның қаза тапқаны жайлы дерек бар. Сондай-ақ дауылдың салдарынан су көтеріліп, жер өңдеуші шаруалар қиын жағдайда қалды. Мыңдаған адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Марк Крэйг Джонсон, Айова тұрғыны:

- Бұған үйреніп қалдық. Өзен жағасында тұрғандықтан мұндай жағдайға бейімделуге болады.

Хабар 24 телеарнасы