378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Брексит мерзімі тағы 3 айға созылуы мүмкін

  • 197
  • UPD: 23:15, 21.03.2019

Премьер-министр Тереза Мэй Ұлыбританияның Еуроодақтан іргесін бөлу жоспарын шегеруді сұрады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін ол осы мәселенің мән-жайын тағы да талқылау үшін Брюссельге аттанады. Кеше халыққа үндеу жолдап, парламент жоспарды мақұлдаудан бас тартқандықтан, осындай қадамға баруына тура келгенін хабарлаған еді.

Еуроодақтың ұстанымы мынадай: егер ағылшын парламенті түптің-түбінде жобаны қабылдап, одақтан келісілген тәртіп бойынша шығатын болса – онда біраз уақыт беруге дайын. Мәселе, ол маусымның соңына дейін созуға келісе ме? Себебі, мамырдың 23-26-сы күндері Еуропарламентке сайлау өтеді. Ал Ұлыбританияның бұл жердегі рөлі түсініксіз болып қалады.

Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуына небәрі 8 күн қалды. Алайда екі жылға созылған келіссөздерге қарамастан Біріккен Корольдік межелі күнге дайын емес. Британдық парламент Брюссельмен келісілген жоспарды екі қайтара мақұлдамай тастады. Тықыр таянғандықтан, Тереза Мэй Еуроодақтан 3 ай мұрсат сұрады. 

Тереза Мэй, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Парламент мүшелері Еуроодақпен келісілген шартты мақұлдайды деп сенемін. Себебі, бұл жоспар халықтың референдумда білдірген талабына сай келеді әрі тараптарды ортақ мәмілеге келтірген ең оңтайлы жоспар. Бұл жоспардың қажетті қолдау табуы үшін мен күні-түні жұмыс істеуге бармын. Алайда брекситті маусымның 30-ынан әрі шегерте алмаймын.

Осылай деген Тереза Мэй Брюссельдегі саммитке жол жүріп кетті. Естеріңізге салсақ, наурыздың 21-22-сі күндері Еуроодақ мүшелері бас қосып Қытаймен арадағы саммитке дайындық, жаһандық климат жайлы Париж келісімінің өзгерісін талқылайды. Әрине, брексит жоспары да күн тәртібіндегі басты мәселе. Тіпті, оппозиция басшысы Джереми Корбин де брекситтің өзге жолын іздеу мақсатында Еуропа басшыларымен кездесуге бел буған. Ал Еуропалық кеңестің президенті Дональд Туск болса британдықтарға уақыт беруге әзір екенін айтып қалды. Тек бір ғана шарт бар. Британдық парламент жоспарлы тәртіп бойынша шығуға келісімін беруі тиіс.

Дональд Туск, Еуропалық кеңестің президенті:

- Брексит бойынша көңіл көншітерлік мәмілеге келу туралы үмітіміз көмескіленіп, талқылаулар бізді қанша қажытса да, ортақ шешімге келуіміз керек. Сондықтан қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Сонымен, брексит жоспары 3 айға шегеріле ме? Брюссельдегі саммит барысында одаққа мүше 27 елдің басшылары осы мәселені сарапқа салады. Бұл ретте кей елдердің сыртқы істер министрлері өз пікірлерін білдіріп те жатыр.

Жан-Ив Ле Дриан, Францияның сыртқы істер министрі:

- Британдықтарға қатысты ұстанымымыз мынадай: Тереза Мэйдің өзі айтқандай, Еуроодақтан шығудың тек екі жолы бар: Ұлыбритания одақтан шығу келісімін не мақұлдайды, не болмаса жоспарсыз шығады.

Хейко Маас, Германияның сыртқы істер министрі:

- Мәселе одақтан шығудың тәртібінде болып тұр. Ұсынылған келісім бойынша британдықтар Еуроодақтан шыға алар еді. Егер бұл расымен алдағы уақытта іске асса, онда біраз уақыт беруге болады. Еуропа елдерінің басшылары бұл мәселені талқылайтыны анық. Бұл жерде бір ғана сұрақ туындайды. Бұның арты неге апармақ? Осы мәселені одаққа мүше елдер сарапқа салатын болады.

Брексит жоспары Еуропарламенттің кезекті сайлауына дейін іске асуы тиіс. Бұл туралы Еуропалық комиссия басшысы Жан-Клод Юнкер мәлімдеді. Сайлау мамыр айының 23-26-сы күндері өтеді. Ұлыбритания осы уақытқа дейін қандай да бір шешімге келмесе, онда сайлау кезінде құқықтық негіздегі қиындықтар туындауы мүмкін. Юнкердің бұл сөзіне сүйенсек, брекситтің 30 маусымға дейін созылуы екіталай. Бұл ретте UK in a Changing Europe сараптамалық орталығының саясаттанушысы мынадай пікірімен бөлісті.

Алан Вагер, саясаттанушы:

- Одақтан шығу мерзімі тоғыз ай немесе жылға ұласуы мүмкін еді. Алайда Мэй үш ай ғана сұрап отыр. Брексит бойынша түбегейлі шешім шығару үшін ұзағырақ уақыт кететіні белгілі. Осыған қарап жоспарсыз шығу мүмкіндігі жоғары болып тұрғанын білуге болады. Немесе Тереза Мэй премьер-министр қызметін босатуы мүмкін.

Тереза Мэй Еуропарламетке сайлауды өткізіп барып брексит мәселесіне кіріскісі келеді. Сарапшылардың пікірінше, Еуроодақтың бұған келісуден басқа амалы қалмайтын сыңайлы. Қалай дегенмен Брюссельдегі саммит істің ары қарай қалай өрбитінін айқындап береді.

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы