377.73 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресей әскерилері Венесуэла аумағына ұшақпен өтті

  • 188
  • UPD: 21:33, 25.03.2019

24 наурыз күні Каракас әуежайына Ан-124 және Ил-62 атты Ресейдің екі ұшағы қонған. Оның бортында 99 әскери қызметкер мен 35 тонна жүк болған.

Мәскеулік делегацияны Венесуэланың ұлттық гвардия өкілі Эдгар Колина Рейес, Халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы Марианни Матта және Каракастағы ресейлік елшілер күтіп алған. Мәскеуден шыққан ұшақ жол-жөнекей Сириядағы Дамаск пен Сенегалдағы Дакарға тоқтаған. Ресми Венесуэла бұған қатысты мәлімдеме жасамады. Дегенмен, атын-айтуды қаламаған жоғары шенді шенеунік әскерилер екіжақты келіссөздер үшін келіп отыр депті Нью-Йорк таймсқа берген сұхбатында.  

Бортында ресейлік әскерилері бар ұшақтың Венесуэлаға қонғанын растаймын. Мәскеудің қарулы күштері әскери дайындық және стратегия бойынша келіссөздер жүргізуге келді. Бір сөзбен айтқанда екі тараптың қатысуымен кеңес өтеді. 

Кешелі бері бұл жаңалыққа біреу сенбесе, бірі елдің ішкі жағдайына араласты деп Ресейді айыптады. Ал, бүгін рейтер агенттігі Каракастың Симон Боливар атындағы әуежайында тұрған ресейлік ұшақтардың видеосын жариялады. Бұған дейін, қаңтар айында БАҚ өкілдері ресейлік Nord Wind компаниясының ұшағы Венесуэлаға қонды деп ақпар таратқан еді. Ол кезде Ресей президентінің баспасөз-хатшысы Дмитрий Песков «Кремль бұл рейстен бейхабар» деп құтылған еді. Бұл жолы да Сыртқы істер министрлігі үнсіз отыр. Дегенмен, Ресей Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Венесуэладағы жағдайға АҚШ-ты кінәлап үлгерді.

Николай Патрушев, РФ Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

«АҚШ-тың Венесуэладағы жағдайға араласуы - ол өзінің экономикалық пайдасын ойлап отыр. Американың бүгінгі басты мақсаты – мұнай экспорты бойынша үздіктердің қатарынан көріну. Яғни Венесуэланың арзан шикізатын алып, Еуропа елдеріне соны өңдеп, қымбатқа сату.  АҚШ-тың Иран мен Ресейге қара алтын саудасына қатысты санкция салуының да себебі осы»

Венесуэладағы саяси дағдарысты ушықтыра түскен жаңалық бұл ғана емес. Демалыс күні ел Президенті Николас Мадуро өз жақтастарының алдында оппозиция басшысы Хуан Гуайдоның ең жақын көмекшісі Роберто Марерроның  қамалғанын мәлімдеді. АҚШ және Лима елдері бұл жаңалықты қатаң сынға алды. Еуропалық Одақ Мадуродан Маррероны босатуды талап етті. Ал Венесуэла ішкі істер министрлігі болса, жақында Гуайдоның өзі де тұтқындалуы мүмкін деп жауап қатты.

Николас Мадуро, Венесуэла Президенті:

- АҚШ маған қастандық жасауды жоспарлап жүр. Ол үшін Дональд Трамп Хуан Гуайдоны қуыршақ ретінде пайдаланып отыр. Біз тергеу жүргіздік. Тіпті дәлелдеріміз бар. Ал, тұтқынға алынған Марерроның ұйымдасқан қылмысқа қатысы болған. Жақын арада бұл іске қатысы бар әрбір адам түрмеге қамалады.

Оппозицияшыл Марерроның тұтқынға алынуына қатысты әлем елдері Мадуроны айыпатй бастады.

Ал оппозиция басшысы Хуан Гуайдоның 26 жастағы журналист әйелі президентке тікелей үндеу жариялады. Фабиан Росалестің айтуынша, Николас Мадурро оппозиция мүшесін тұтқындау арқылы, Гуайдо жақстастарына маральдық тұрғыда соққы жасап отыр. 

Фабиан Росалес, Хуан Гуайдоның әйелі:

- Мадуро режимі еркіндік үшін тырысып, өз ойын емін-еркін жеткізе алатын адамдардан қорқады. Көшеге шыққан халықты өзінің ата жауы санайды. Мен қоқан-лоққыдан қорықпаймын. Керісінше, Мадуро режимі халықтан қорқады.

Осылай деп жар салған Гуайдоның жары қазір Перу мемлекетінде тұрып жатыр.

Ал бір елдің екі басшысының айтыс-тартысы мен билікке таласынан қарапайым халық зардап шегіп жатыр. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығынан бөлек, шекарадан өте алмай, қалып қойған адамдар да бар. Ресми ақпарға сай Мадуро бірнеше елмен дипломатиялық қатынасты үзуіне байланысты 3,4 миллон адам отанына орала алмай отыр.

Хабар 24 телеарнасы