379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде су сапасы ғана емес, қойма да қадағаланады

  • 120
  • UPD: 10:44, 26.03.2019

Израильде ауызсудың сапасы жоғары.

Өйткені елде су қоры аз. Тіпті тапшы десе де болады. Сырт көз зиян шектіре ме деген қауіп те бар. Билік су қоймаларын үнемі назарда ұстап, жиі тексеріп тұрады. 

Израиль су сапасы жағынан әлемдегі ең үздік 20 елдің қатарында. Осы салаға жауапты денсаулық сақтау министрлігі соңғы 3 жылда 6 мыңға жуық сараптама жүргізіп, халық тұтынатын тіршілік нәрі дерлік жоғары стандартқа сәйкес екенін растады. Бұл елде суды алаңдамай ішуге болады. Денсаулыққа түк зияны жоқ. Тек Өлі теңіз бен Эйлат шипажайында бұған шектеу бар. Ондағы су тұщыту құрылғыларынан түседі. Бұл туралы туристерге арнайы ескертеді. Жалпы елдегі судың сапасын күнде тексеріледі. Мұндағы тіршілік нәрінің басым бөлігі солтүстіктегі Кинерет көлінен келеді. Ал оның жеткізілу жолдары мұқият бақыланады. Өйткені қаскөйлер құбырларды лаңкестік әрекет үшін пайдалануы мүмкін.

Габи Шнайдерман, қалалық су компаниясының жетекшісі:

- Минут сайын сапасын қадағалап отырамыз. Су құбырларының бойына орнатылған жүздеген датчик бірыңғай бақылау жүйесіне қосылған. Егер біреуі стандартқа сәйкессіздігін көрсетсе, жүйе су жеткізуді бірден доғарып, себебін анықтауға кіріседі.

Бұл саладағы барлық зерттеулер тексеру ісін жеделдетіп, нәтижесін нақты айқындауға бағытталған. Мұнымен әдетте жеке меншік компаниялар айналысады. Мемлекет бұған уақытын жұмсамай, дайын технологияны сатып алады.

Михаил Маргулис, су сапасын тексеру саласының маманы:

- Су сапасын тексергенде, адамдар мен жануарларда белгілі бір ауруларды тудыратын патогендерді іздейміз.

Қазір Израиль металл құбырларын пластикке ауыстырып жатыр. Бұл су сапасын одан да арттырады. Жалпы үкімет әр 10 жыл сайын стандарттарды қайта қарастырып, оны жетілдіріп отырады. Осы саладағы соңғы жаңалықтардың бірі – суаруға пайдаланылатын тіршілік нәрінің өзі таза ауызсудың сапасымен бірдей.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы