379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Голан шыңдарын Израильдің бір бөлігі деп таныған Трамп қатаң сынға ұшырады

  • 216
  • UPD: 20:58, 26.03.2019

Таяу шығыстағы екі елдің таласын тудырған Голан жотасын АҚШ Президенті Дональд Трамп Израильдің бір бөлігі деп жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Артынша қаулыға қол қойып, сөзін іспен бекітті. Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ақ үй басшысына бұл қадамы үшін алғыс айтты. Бірақ Трамп осылай айтты екен деп, дүние өзгеріп кетпесі тағы анық. Атағынан көрі шатағы басым президенттің бұл әрекетіне қазір қарсы шыққандар басым. Бұдан бөлек, Израиль мен Хамас арасында қақтығыстар өрши түсті.

Сирия тарапы бірден ашуға мінді. Артынша бұл құжаттың ешқандай күші жоқ екендігін мәлімдеді. Әлем елдері де бұл жағдайды сан-саққа жүгіртіп, пікір білдіріп жатыр.

Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың АҚШ-қа сапары сәтті аяқталды. Себебі Президент Дональд Трамп даулы аймақ саналатын Голан шыңдарын Израильдің бір бөлігі деп танып, қаулыға қол қойды. Ақ үй басшысы «Бұл қадам елдегі террористермен күресу жолында көмек болады» дейді. Нетаньяху болса Дональд Трампты қостап, алғысын жаудырды. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Алдымен ХАМАС палестиналық қозғалысының шабуылынан зардап шеккен Израиль халқына көңіл айтамын. Екі ортада бейбіт тұрғындар қаза тапты. Бұл жарылыс Израильдің қауіпсіздік саласында қандай қиындықтармен бетпе-бет келетінін көрсетті. Сол себепті Израильді қорғау үшін осындай тарихи қадам жасадым. Мемлекет Иран, Сирия және лаңкестік ұйымдардан келетін қатерге төтеп бере алуы керек.

Биньямин Нетаньяху Израиль премьер-министрі:

– Израиль мұндай шабуылдарға шыдап отыра алмайды. Зұлымдыққа міндетті түрде жауап беретін боламыз. Мемлекет пен азаматтарымызды қорғау үшін қолдан келгенін жасаймыз. Голан шыңдары – Израильге шабуыл жасау үшін қолайлы алаң. Сол себепті бұл аймақты елдің бір бөлігі деп тану біз үшін өте маңызды.

Қаулыға қол қойылысымен, әлем бұл жаңалықты қызу талқылай бастады. Өйткені Голан шыңдары - даулы аймақ. Тарихқа үңілсек, 1200 шаршы шақырым аумақты алып жатқан Голан шыңдары 1944 жылдан 1967 жылға дейін сириялық Кунейтра провинциясының бөлігі болған. Қазіргі кезде Израильдің билігінде. Сол өткен ғасырдағы алты күндік соғыс кезінде басып алған. Сөйтіп Израиль Кнесетті «Голан шыңдары туралы заң» қабылдайды. Дегенмен 17 желтоқсанда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі мұндай аннекия жарамсыз деп жариялады. Бүгінде Израиль да, Сирия жағы да Голан шыңдарын өз аймағы деп санайды.

Найм Акбик, Сирияның халықаралық құқық бойынша сарапшысы:

– Голан шыңдары Трамптың шешіміне қарамастан, Сирияның бір бөлігі болып қалады. Себебі БҰҰ Бас Хатшысында картаның түпнұсқасы бар. Голан шыңдары – агрессия көрсету арқылы басып алынған Сирияның жері. Сол себепті Трамп болсын, Кнесетің болсын қаулылары жарамсыз. Сирия өз жерін өзгеге оңайшылықпен беріп, қарап отыра алмайды.

Сирия Сыртқы Істер министрі Валид Аль-Муалим де осындай пікірде. Ол Трамптың қаулысы заңды күші жоқ құр қағаз деп бағалады. Артынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі, Еуроодақ елдері, Түркия, Иран және Ресей АҚШ Президентінің әрекетін қатаң сынап, өз пікірлерімен бөлісті.

Мария Захарова, РФ СІМ ресми өкілі:

– Дональд Трамп Голан шыңын Израильдің бір бөлігі деп таныған қаулыға қол қойды. Бұл БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясына және халықаралық келісімге қайшы әрекет. Бұл арқылы Ақ үй басшысы Таяу Шығыста жаңа шиеленістің туындауына жол беріп отыр.

Ал бұл кезде Израиль мен ХАМАС арасында қақтығыстар белең алған. Кеше Тел-Авив қаласындағы тұрғын үйге зымыран түсіп, жеті адам зардап шекті. Оның ішінде әйелдер мен балалар бар. Мұның артынан Израиль ХАМАС штаб-пәтері орналасқан Газа секторына соққы жасады. Палестиндік жеті азамат жарақат алған. Кейіннен Мысырдың қатысуымен оқ атпау режимі енгізілді деп хабарланған еді. Дегенмен бүгінгі күн де тыныш өтпеген сияқты.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі:

– БҰҰ Бас Хатшысы Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты алаңдап отыр. Тұрғын үйге жасалған шабуыл барып тұрған қатігездік. Біз тараптарды сабырға келіп, мәселені бейбіт түрде шешуге шақырамыз.

Міне осындай шабуылдардан соң, Дональд Трамп Голан шыңдарын Израильдің бір бөлігі деп тану дұрыс дейді. Осы арқылы лаңкестерді тыямыз дегенді алға тартады. Бірақ Ақ үй басшысының арғы ойы қайда жатқаны белгісіз. Ал Си-эн-эн арнасына сұхбат берген сарапшылар Нетаньяху сайлауда өзіне рейтинг жинау үшін Дональд Трампқа әлдеқандай уәде беруі де мүмкін. Бірақ ол қандай уәде? Ол да белгісіз. Дегенмен былайғы жұртқа әділ көрінгісі келетін Ақ үй басшысының көкейіндегісі де көп ұзамай белгілі болуы да әбден мүмкін. Яғни Трамптың дәл осы уақытта қаулыға қол қоюына саясаткерлер үлкен күмәнмен қарайды.

Хабар 24 телеарнасы