388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарақшы мигранттар Италияны тек картадан көретін болады – М.Сальвини

  • 537
  • UPD: 22:16, 28.03.2019

Жерорта теңізінде бір топ мигрант «Эл-Хиблу 1» мұнай танкерін басып алған. Алдымен экипаж Сицилия бұғазында апатқа ұшырап, көмек сұраған 109 мигрантты бортқа алады.

Оның ішінде 12 бала мен 19 әйел бар. Сөйтіп, кеме оларды қайта еліне жеткізу үшін Ливияға бет алған. Ал басын қатерге тігіп, елінен қашып шыққандар үшін қайта оралу бәлкім өліммен тең болар. Босқындар капитанға қоққан-лоққы жасап, жағалауға жақын қалған танкердің бағытын өзгертеді. Олардың мақсаты қалай да Еуропа елдеріне жету болса керек. Ал Италия вице-премьері мигранттардың бұл әрекетін «қарақшылық» деп айыптап отыр.

Сальвини:

«Эль Хиблу-1 танкері Ливия жағалауынан мигранттарды алып, солтүстікке бет алған.  Бірақ Триполиге жақындағанда кеме күрт бағытын ауыстырды. Енді Италия немесе Мальта жағалауына келуі мүмкін.  Танкерді басып алған мигранттар - нағыз қарақшылар. Оларды өз аумағымызға кіргізбек түгілі, жағалауға жақындатпаймыз. Италияны тек дүрбі арқылы ғана көретін болады».

Мигранттарға жаны қас Маттео осылай деп мәлімдеді. Артынша, Мальта билігі де бұл босқындарды өз аумағына кіргізбейтінін жариялады. Себебі кеме Мальтаға бет алған. Көп ұзамай жағалау күзеті күшейтіліп, бүлікшіл босқындарға қарсы арнайы топ аттанды. Сөйтіп, «Эл-Хиблу 1» танкері азат етілді.

Джозеф Мускат, Мальта премьер-министрі:

«Мальтаның жағалау күзеті танкерге ел аумағына кіруге мүмкіндік бермеді. Кемеге арнайы жасақ пен тікұшақ жіберілді. Қазір олар жағалауға жеткізілді. Тергеу жұмыстарын жүргізу үшін борттағы экипаж құрамы мен мигранттар полицияға тапсырылды».

Ливия жағалауындағы бұл оқиға кешегі Еуропалық Одақтың шешімінен кейін болған. Бұған дейін Италия, Испания, Франция мен Мальта саясаткерлері Жерорта теңізінен келген босқындарды қай мемлекет қабылдайтынын талқыға салған. Италия соңында мигранттарды қабылдаудан тіптен бас тартты. Сондықтан 2015 жылы құрылған ауқымды «София» әскери-құтқару операциясы тоқтатылады деп хабарланды. Бұл топ Ливия жағалауындағы адам саудасын азайтып, босқындарды құтқару жұмыстарымен айналысатын. Еуропалық Одақтың шешімін қайырымдылық ұйымдары бірден қатаң сынға алды.

Маттео Де Беллис, құқық қоғау ұйымының маманы:

«Бұл операцияға тоқтау салынған соң, жерорта теңізіне шыққан мигранттардың жағдайы қиындайын деп тұр. Біріншіден, оларды құтқаруға кеме бөлінбегендіктен, суға кетеді. Екіншіден, заңсыз шекара аспақ болғандарды Ливия жағалау күзеті құтқарып, қайтадан Африкаға апарады. Онда мигранттар арнайы лагерьге орналастырылады. Ал құжаттар мен дәлелдерге қарайтын болсақ, онда мүлдем жағдай жасалмаған. Лагерьде адам құқығы тапталып, тіпті зорлық-зомбылық деректері тіркелген». 

Еуроодақ елдері ортақ шешім қабылдамағандықтан алдағы уақытта «София» миссиясы тек әуеден бақыланады. Яғни мигранттарды енді ешкім құтқармайды. Бұл жағдай Үкіметтік емес ұйымдар мен қайырымдылық компанияларына да ескертілді. БҰҰ-ның есебі бойынша 2018 жылы  Жерорта теңізінде 2275 мигрант көз жұмған.    

Мигрант:

- Біз жетіскенен жолға шықпаймыз. Үлкен теңіздің қақ ортасында қалып қойдық. Қайық аударылып, бірнеше адам көз жұмғанын көрдік. Біз ешкімнің нанын тартып алмаймыз, тек жақсы жерде, тыныш өмір сүргіміз келеді. 

Мигранттар осылайша халықаралық қауымдастықтан пана сұрап жатса, Еуорпа жағалау күзетін күшейтіп әлек. Адам тағдырына алаңдап, босқындарды құтқарып жұрген «София» операциясы да ресми түрде жұмысын тоқтатты. Ал «Эмнести Интернешенл» ұйымы Еуроодақ құтқару операциясын жабу арқылы адам саудасына жол беріп отыр деген мәлімдеме жасады.

Хабар 24 телеарнасы