379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайда авторлық құқыққа қатысты заң күшейтілді

  • 139
  • UPD: 15:17, 29.03.2019

Әлемдегі атақты брендтер көшірмесін лезде жасайтын Қытай авторлық құқық мәселесіне соңғы жылдары ерекше назар аудара бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазір бұрынғыдай емес, әйгілі тауар белгісі бар заттар ашық сатылмайды. Бұдан бөлек атақты жұлдыздардың есімін де рұқсатсыз пайдалануға тыйым салынған. Қытайдың авторлық құқық жөніндегі мемлекеттік басқармасы кинотеатрларда фильмдерді заңсыз көшіргендерді жауапқа тартып жатыр. Пираттық көшірмелерді сататын онлайн-платформаларды да тексеруге кіріскен.

Қытайдың авторлық құқық жөніндегі мемлекеттік басқармасы тек бір айдың ішінде ғана пираттық фильмдердің 7,7 мың сілтемесін жойған. Ұрланған өнімді сайтқа шығаратындар шетелдік серверлерді пайдаланады. Сондықтан интернет желісіндегі заңсыздықпен күресу оңай емес. Сайттар, мобильдік қосымшалар, WeChat аккаунттары мен электронды сауда алаңдарына да тексеру жүргізіліп отырады. Авторлық құқықты өрескел бұзғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалады. Жалпы, Қытайда ұзақ уақыттан бері зияткерлік меншік саласы қорғалмай келді. Еті тірі бизнесмендер кезінде әлемге танымал брендтердің бәрін өз атына жазып алған. Ал оның заңды иелері өз мүддесін Бейжің жоғарғы халықтық сотында даулаған болатын. Мәселен, әйгілі баскетболшы Майкл Джордан өз есімін қорғап төрт жыл соттасқан. Спортшы өзінің екі иероглифтен тұратын Цяодань есімін пайдаланып, спорттық киім саудалаған компаниямен соттасып, жеңіске жеткен болатын. Қазір әлемнің екінші экономикасы үшін заңды қатайтып, сенімге ие болу маңызды болып отыр.

Лю Ин, Қытай халық университеті қаржылық зерттеу институтының сарапшысы:

- Қытай авторлық құқықты қорғауға ерекше назар аударып отыр. Таяуда ғана Land Rover-дің сотта жеңіп шығуы соған дәлел. Соңғы 17 жылда Гуандун провинциясында өзінің авторлығын қорғаған шет елдіктер үшін табысты болғанын көреміз. Нарықтық экономиканың даму барысында мұндай проблемалардың кездесуі таңсық емес. Әсіресе автомобильдердің дизайндары бірін-бірі қайталағандай болып жатады.

Британдық автоөндірушіге Қытайдағы құқығын қорғау үшін үш жыл уақыт кетті. Jaguar Land Rover өзінің қытайлық көшірмесін жасаған компанияны сотқа беріп, ақыры жеңіп шықты. Бейжің соты британдық көлікке тән бірнеше қырын көшірген қытайлық автоөндіруші тұтынушыларды шатастырады деп шешім шығарған. Жалпы, бірнеше жылдан бері Қытайда танымал адамдардың есімімен аталатын сауда белгілерін тіркетуге де тыйым салынған. Бұған қатысты дау-дамай жиілеп кеткендіктен жоғарғы сот брендтің танымал тұлғаның атымен аталуы сатып алушыларды адастырады, ал бұл қоғамға зиян келтіреді деген қаулы шығарды.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы