379.19 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украиналық журналистер: Елдегі президенттік сайлау саяси шиеленісті арттыруы мүмкін

  • 123
  • UPD: 23:15, 29.03.2019

Наурыз айының 31-і, яғни осы жексенбі – Украина халқының мемлекет басшысын сайлайтын күні.

Киевтегі көңіл-күй қазір орнықты болғанмен, сарапшылар халықтық толқулар мен көтеріліс болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Украинадағы әлеуметтік сауалнама нәтижесі: 39 кандидаттың ішінде қазір 3 адам бәйге басында келе жатқанын көрсетті. Олар – белсенді саяси күш Юлия Тимошенко, белгілі артист Владимир Зеленский және қазіргі президент Петр Порошенко. Украинаның танымал журналисі Дмитрий Гордон елдегі президенттік сайлау саяси шиеленісті арттыруы мүмкін деп қауіптенеді. Дегенмен заң бұзушылықтар орын алған жағдайда Украина журналистері оны ашық жазуға және жариялауға дайын екендерін айтады.

Дмитрий Гордон, журналист, саяси шолушы:

– Президенттікке үміткерлер арасындағы бәйге өте тартысты болады. Әлбетте,заң бұзушылықтарға да орын берілетіні сөзсіз. Дегенмен біз бар күшімізді фальсификациямен күресуге жұмсаймыз.

Халықаралық саяси-құқықтық саланың тәуелсіз сарапшысы Андрей Бузаров президенттік сайлаудың екінші туры болады деп пікір түйеді. Ең қызығы, екінші кезеңге кім өтеді? Осы аптаның басты жұмбағы осы.

Андрей Бузаров, халықаралық саяси-құқықтық саланың тәуелсіз сарапшысы:

– Екінші турға Тимошенко мен Порошенко өтетін болса, алпауыт күштердің қақтығысы күшейіп, елде саяси дағдарыс орын алуы мүмкін. Өйткені екеуінің де саясаттағы салмағы ауыр және мүмкіндіктері мол. Егер екінші турға Порошенко мен Зеленский өтсе, қазіргі президенттің жеңіске мүмкіндігі артады. Өйткені Зеленскийді жақтайтын жастардың саяси белсенділігі төмен.

Украинаның орталық сайлау комиссиясы да толыққанды әзірліктерін мәлімдейді. Биылғы жаңалық, бюллетеннің қауіпсіздік деңгейі 10-ға дейін артқан, мемлекеттік тапсырыспен шығарылған бюллетен сапасы сондай, құнды қағаз ақшаның қауіпсіздік деңгейімен бірдей.

Константин Хивренко, Украина орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметінің жетекшісі:

– 2014 жылғы президенттік сайлаумен салыстырғанда, биылғы бюллютеннің сапасы өте жоғары. Қауіпсіздіктің түрлі 10 деңгейі бар. Онда қолданылған бояулардың Украина ғана емес әлемде баламасы жоқ. Орталық айлау комиссиясы тәулік бойы жұмыс істейді.

31 наурыз күнгі президенттік сайлау науқанын «Хабар 24» арнасының Украинадағы меншікті тілшілері де бақылайтын болады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы