377.73 425.55 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Беларусь елі цифрлы үкімет құру ісін қолға алмақ

  • 109
  • UPD: 14:22, 30.03.2019

«Бұл ретте Қазақстанның тәжірибесін негізге алуы ғажап емес» дейді сарапшылар. Бұған дейін де екі ел арасындағы кездесулер кезінде сандық технологияға өту болашағы талқыға түскен болатын. Мәселен, қос мемлекет арасындағы құжат айналымы қағазбастылықтан біршама арылған. Бұл әлден-ақ алыс-беріске оң септігін тигізіп жатыр.

Елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы оң нәтижесін көрсетті. Жасанды интеллект мегаполистің тыныс-тіршілігін реттеп, бала-бақша мен емханалардағы  тәртіпті қадағалайды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазір Беларусь елі де осы сынды стартаптарға ден қойған. Мұндай жобаларды Жоғары технологиялар Паркі іріктеуден өткізеді. Айти мамандар да цифрлы үкімет құру идеясын ұсынған. Беларусь Президенті Александр Лукашенко бұл ұсынысты мұқият қарастыратынын жеткізді. Бұған дейін Қазақстан мен Беларусь арасындағы құжат айналымын сандық форматқа айналдыру жайлы кәсіпкерлердің ойы қолдау тапқан еді. Сондықтан, алдағы уақытта Қазақстанның тәжірибесі негізге алынуы мүмкін. 

Олег Гайдукевич, Беларусьтің либералдық-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары:

- Салық жүйесі мен құжат айналымында қағазбастылық азайды. Осы үрдіс ары қарай да жалғасын табады. Бұл екі ел бір-біріне сенімді әріптес ретінде қабылдайтынын аңғартады. Қазақстан үшін Беларусь Еуропаға ашылатын қақпа болса, Беларусь үшін Қазақстан Азиямен жалғайтын көпір іспеттес. Сондықтан серіктестігіміз жемісті болатынына сенімім мол.

Екі елдің сандық деңгейдегі әріптестігінің мысалы, алыс-беріс бойынша мемлекетаралық келісімдер онлайн арқылы жүргізіледі. Осының арқасында кедендік қағазбастылық та біртіндеп ұмытыла басталды. Бүгінде Қазақстанға импортталатын тауардың 64 проценті екі сағатта, ал экспорттық өнімдердің 82 проценті небәрі 10 минуттың ішінде рәсімделеді. Осылайша, уақыт ұтып, ақша үнемдеудің оңтайлы жолы табылды.

Ярослав Романчук, экономист:

- Мемлекет басшылары үкіметке тапсырған міндеттердің бірі – арадағы тауар айналымын 1 миллиард долларға шығару болатын. Бұл тапсырма былтыр толығымен орындалды десек те болады. Қос ел арасындағы әріптестік нығая түскен. Қазақстаннан бізге мақта, мұнай мен машинақұрастыру өнімдері тасымалданып жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, цифрландыру үдерісі таяу жылдары шағын және орта бизнестің жұмысын ілгерлетуі тиіс. Қазірдің өзінде сандық технологияның арқасында жергілікті бизнестің аясын кеңейту мүмкіндігі туындап отыр. Яғни, сенімді серіктес тауып, шикізат тасымалы, жаңа құрал-жабдықтар жайлы ақпарға ғаламтор арқылы қол жеткзуге болады.

Авторлары: Алексей Родионов, Дмитрий Лукша, Владимир Струк

Хабар 24 телеарнасы