378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинадағы президенттік сайлауда жеңіске жетуге қай үміткер жақын тұр?

  • 222
  • UPD: 21:35, 31.03.2019

Бүгін Украина xалқы өз таңдауын жасап, ел президентін сайлау үшін дауыс беруде. Елорда уақыты бойынша сағат түнгі 11:00-де Украинаның барлық өңіріндегі сайлау учаскелері өз жұмысын тоқтатады. Атап өту керек, бүгінде 29 млн украиндықтың таңдау жасауға құқығы бар. Ресейден басқа әлемнің 72 мемлекетінде жүзден астам сайлау учаскесі ашылды.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Сайлауға байланысты әсіресе Киевте Украинаның қауіпсіздік қызметі күшейтілген жұмысқа көшкен. Негізгі орталық көшелер, вокзал және әуежайларда қару асынған құқық қорғау органдарының қызметкерлерін көруге болады. Елдің әр өңірі бойынша ашылған сайлау учаскелерінде 40 мыңнан астам полицей қызмет етеді. Және xалықтың қауіпсіздігі мен мемлекет тыныштығын бұзатын заң бұзушылықтар бола қалған жағдайда қарулы теxника мен авиация көмегі жұмылдырылмақ. 

Елде жүргізілген әртүрлі әлеуметтік сауалнама нәтижесі Юлия Тимошенканың жеңіске мүмкіндігі бар екенін көрсеткен. Оны күтіп алған бес жүзге жуық адам да саясаткерді құшақ-құшақ гүлмен және жылы сөздерімен қарсы алды.

«Мені таңдасаңдар – тариxи шешім жасап мемлекеттің өркендеуіне жол ашқандарың», - деді саясаткер. 

Юлия Тимошенко, Украина президенттігіне үміткер:

- Білесіздер ме, Украина бүгін жазғы уақытқа көшіп, уақытты бір сағат алға жылжытты. Мен осы уақытты ауыстырумен қатар елімізде де жақсы өзгерістер басталатынына сенімдімін. Өркендеп дамушы елдерге қарай қадам бастық деп ойлаймын. Біз үшін де бәрін өзгертуге мүмкіндік туды. 

Жастарға мол үміт артатын Владимир Зеленский де сайлауға өте көтеріңкі көңіл-күймен келді.

«Мемлекет басшысы болып, сайланып жатсаңыз қай елмен байланысты арттырасыз, қай елге ресми сапар жоспарланады» деген сауалға «ең алдымен өз елімнің өңіріне сапарға шығамын, шетел емес өз еліммен байланысты арттыруға ниеттімін» деген жауап алдық.  Ал «кімге дауыс бердіңіз» деген сауалға , актер әдеттегі қалжыңына басып, былай деп жауап берді. 

Владимир Зеленский, Украина президенттігіне үміткер:

- Мен президенттікке өте лайықты адамға дауыс бердім.

Дауыс беруге әйелі, ұл-қызы және немересімен келген Украиның қазіргі президенті Петр Порошенко сайлаудың жоспардағыдай өтіп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол өзінің негізгі ұстанған бағытынан таймаймын, Украина НАТО мен еуропалық одақ мүшелігіне қабылдану жолындағы жұмысын Президент болып сайлансам жалғастырамын дегенді тағы айтты. Таңғы 8-де басталған президенттік сайлау Киев уақытымен кешкі 8-де тоқтатылады. Халық қай саясаткерге сенім артады, елді енді кім басқарады? Бұл сауалдардың жауабын жақын уақытта білетін боламыз.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы