376.99 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинадағы президенттік сайлауда В. Зеленский көш бастады

  • 191
Украинадағы президенттік сайлауда В. Зеленский көш бастады Корреспондент.net

Украинадағы президенттік сайлаудың алғашқы кезеңінде сықақшы Владимир Зеленский көш бастады.

Оның басты қарсыласы Петр Порошенко дауыс беру нәтижесі бойынша екінші орынға тұрақтаса, Юлия Тимошенко алғашқы үштікті түйіндеді. Осылайша, сәуірдің 21 күні өтетін сайлаудың ақтық сынына Зеленский мен Порошенко түсетін болады. Сонымен Украина халқының болашағын айқындайтын сайлауда кім жеңеді?

Мұны Зеленскийдің өзі де жақсы ырымға балады. Алайда сарапшылардың пайымдауынша, сайлаудың ақтық кезеңі оған оңай тие қоймас. Себебі қайткен күннің өзінде саясаттың жілігін шағып, майын ішкен Порошенко озып кетуі әбден мүмкін. 

Әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, Украинадағы президенттік сайлаудың ақтық кезеңінде халықтың 85 проценті дауыс беретін болады. Алайда өткен жексенбіде тұрғындардың белсенділігі аса жоғары болмады.

Алғашқы сайлау кезеңіне 29 миллион 800 мың адамның тек 63,5 проценті қатысқан. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, елдегі 199 сайлау округінде 29 мың сайлау учаскесі белгіленген. Бұдан бөлек, 72 елде 101 сайлау учаскесі жұмыс істеді. 16 мемлекет пен 15 халықаралық ұйымнан 2 400 бақылаушы дауыс беру процесін қадалаған.

Татьяна Слипачук, Украина орталық сайлау комиссиясының төрайымы:

– Сайлауалды кампаниялар қызу өтті. Дауыс беру процесіне қауіп төндіретіндей бірталай әңгіме айтылды. Тіпті күш қолдану сценарийі де қарастырылды. Бір айта кететіні, дауыс беру күні ғана емес, саяси науқаннан кейінгі түнде де учаскелік сайлау комиссиясы дауысты есептеу кезінде ешбір ереже бұзушылық тіркелмеді.

Сонымен сайлауға түскен 39 үміткердің ішінен сықақшы Владимир Зеленский мен Президент Петр Порошенко озып алға шықты. Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, сайлау учаскелері жіберген хаттаманың 75 процентін есептегенде, Зеленский 30,41 процентпен алға шығып отыр. Петр Порошенко 16,12, ал «Батькивщина» партиясының көшбасшысы Юлия Тимошенко 13,20 процент дауысқа ие болды.

Вадим Богаев, Киев тұрғыны:

– Менің ойымша, бұл сайлау үшінші майданның бір формасы сияқты өтті. Себебі дәл қазір біздің ел алдағы 10-15 жылдағы болашағымызды, яғни біздің балаларымыз бен немерелеріміз қандай елде тұратынын айқындап жатыр. Өз басым бұл сайлауды оң бағалап отырмын.

Любовь Теплова, қонақ үй қызметкері:

– Біз Зеленскийге дауыс бердік. Бәрі де жақсы. Келесі кезеңде Порошенко емес, Тимошенко болады деп ойлап едік. Бірақ бұл сайлау нәтижесі де жаман болған жоқ.

Елена Адаменко, Киев тұрғыны:

– Алдағы сайлаудың нәтижелері қандай болатынын білмейміз. Дегенмен үмітсіз шайтан дегендей. Зеленский алға шығып кетті, біз басқа үміткер озса деп едік. Дей тұрғанмен, бәрі де жақсы болады деген үмітеміз.

Сарапшылар пікіріне ойыссақ. Шоумен Владимир Зеленскийдің жеңісін саясаттанушылар әрқалай бағалайды. Кейбірінің ойынша, оған берген дауыс санының көптігіне қарамастан, саясат сахнасында Зеленскийдің орны мықтап бекитіні екіталай.

Президенттік орынға Зеленский мен Порошенко таласатыны белгілі болды. Дегенмен сарапшылар Юлия Тимошенконың саясаттағы өз орнын атап өтпеске болмайды дейді.

Сергей Руденко, саяси шолушы:

– Украинадағы президенттік сайлау қандай нәтиже көрсетсе де, ақтық кезеңге өткен Порошенко мен Зеленскийден бөлек, Тимошенко елдің болашағына ықпалын тигізетіні анық. Алғашқы сайлау кезеңінде жеңілгендіктен, оның командасы Жоғарғы радаға өту үшін білек сыбана жұмыс істейтіні белгілі.

Порошенко екінші кезең өтпей тұрып, дебат ұйымдастыруды ұсынып отыр. Осылайша ол Зеленскийден анағұрлым мықты екендігін дәлелдегісі келетін сыңайлы. Саясаттанушылардың пікірі осыған саясады.

Президенттік сайлау сәуірдің 21 күні өтетіні белгілі. Ал оның нәтижелері мамырдың біріне дейін анықталмақ. Ал мамырдың 31-де жаңадан тағайындалған мемлекет басшысының ант беру рәсімі өтеді.

Хабар 24 телеарнасы