388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайдың Хайнань провинциясы көліктің экологиялық түріне толық көшпек

  • 951
  • UPD: 23:43, 01.04.2019

Қытайдың оңтүстігіндегі Хайнань провинциясы биылдан бастап жанармай жақпайтын көліктерге біртіндеп көшеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Туристік аралдың басшылығы кәсіпкерлер мен шенеуніктерді осыған шақырып отыр. Провинциядағы мемлекеттік мекемелердің барлығы 2028 жылға қарай көліктің экологиялық таза түріне отыруға міндетті. Бұл талап тек арнайы қызметтердің техникасына ғана қойылмайды.

Хайнань провинциясында 1 наурыздан бастап ауаның ластануын шектейтін арнайы ереже күшіне енді. Құжатқа сәйкес, жанармай жағатын көліктерді сатуға біртіндеп тыйым салынады. Осылайша туристік арал бұл тәжірибені Қытайда бірінші болып қолға алды. Провинция әкімшілігі бастаманы әуелі өз мекемелерінде, кейіннен қоғамның барлық салаларында жүзеге асырады. Билік сонымен бірге көшені ескі көліктерден тазартуды жоспарлап отыр.

Лю Ин, Қытай халық университеті қаржылық зерттеу институтының сарапшысы:

– 2030 жылға қарай жанармай пайдалануға тыйым салу деген мәселе біраз қызу пікірталас тудырды. Біз Хайнань провинциясының да, Бейжіңнің де бұл саладағы бастамаларын қолдаймыз. Қазір мемлекет көліктің экологиялық таза түрлерін өндіріп жатыр. Жанармайдан шығатын түтін ауаны ғана емес, суды, топырақты және мұхитты ластайды.

2020 жылға қарай Хайнаньдағы экологиялық көліктердің үлесі 10, ал 2025 жылға қарай 70 процентке жетуі тиіс. Қазір мұнда 37,1 мың электрмобиль бар. Биоэтанол мен метан жағатын техниканың үлесі 3% процентке жуық. Оның қатарына энергияның баламалы түрлерін пайдаланатын 22,8 мың көлік кіреді. Бүгінде туристік арал электрмобилдерін қуаттайтын 4,5 мың арнайы станциы салып қойды.

Ауаның ластануын болдырмайтын жаңа ережеде атқарылатын істер мен талаптардың бәрі жазылған. Жергілікті органдар көліктер мен кемелердің қоршаған ортаға тигізетін зиянын барынша азайтуы тиіс. Бензинді көліктерді сатуға біртінден тыйым салынады. Сонымен бірге автотұрақтардың жанында электрмобильдерін қуаттайтын станциялар қою қарастырылып отыр. Осылайша туристік арал 2035 жылға қарай әлемдегі ауасы ең таза жерлердің қатарына кірмекші. Жалпы Қытайда көліктің экологиялық таза түріне деген сұраныс артып келеді. Биыл ақпанда осындай 52 900 жаңа автомобиль сатылған. Бұл былтырмен салыстырғанда 53,6% пайызға көп.

Авторы: Нұрбек Бекен

Хабар 24 телеарнасы