379.19 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Йеменде тырысқақтан жыл басынан бері 190 адам көз жұмған

  • 113
  • UPD: 23:48, 02.04.2019

Соғыстан көз ашпаған Йеменде тырысқақ дерті өршіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мұнда жыл басынан бергі үш айда 190 адам көз жұмған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, елдегі жарты миллион адамды осы дерт дендеген. Былтыр шілде айында эпидемия саябырсығанымен, көктем шыға ауру қайта белең алды.

Тырысқақ дерті соңғы екі жылдан бері жергілікті халықтың берекесін қашырды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, күн сайын 5 мың адам дәрігер көмегіне жүгінеді.

Йеменде төрт жылға созылған соғыстан мыңдаған адам көз жұмды. Онсыз да кедейлік пен қақтығыстан жұтаған халықты тырысқақ дерті тағы жайпап жатыр. Соңғы екі жыл ішінде 2500 адам тырысқақ дертінен қайтыс болған еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының келтірген мәліметі бойынша, 2017 жылы белең алған эпидемия биыл қайта қозды. Тек қаңтар мен наурыз айларының аралығында 190 адам бақилық болған.

Олардың ішінде адам жанының арашашысы Мұхаммед Абдул Мухни дәрігер де бар. Ол «Рейтер» агенттігіне сұхбат бергеннен кейін екі аптадан соң көз жұмған. Тырысқақты емдеймін деп күш салса да, өзі одан сақтана алмады. Ал дертті жұқтырғандардың саны қазірдің өзінде109 мыңға жеткен.

Исмаил Мансури, емдеу лагерінің дәрігері: 

- Соңғы апталарда 1100 тырысқақ дертін тіркедік. Емдеу лагерінде ине шаншар жер жоқ. Оған қоса медициналық препараттар мен дәрі тамызғыш та жетпей жатыр.

Осылайша жергілікті ауруханалар қолда бар дәрі-дәрмекпен амалдап жатыр. Азық-түлік пен ауызсудың жетіспеушілігі де жығылған үстіне жұдырық болып тиюде. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, 22 миллион халқы бар Йемен қазіргі таңда гуманитарлық дағдарысты бастан өткеруде. Елді басып алған хуситтер мен саударабиялық одақ арасындағы соғыстың салдарынан елдің денсаулық сақтау жүйесі сыр берген. Ауруханалардың жартысына жуығы жабылып қалды. Дәрі-дәрмекті дер кезінде жеткізу де мүмкін болмай тұр. 30 мың сала маманы жылдап жалақысын алмаған. Ал халық олардың көмегіне мұқтаж.

Біләл Салахи, емделуші:

- Емдеу орталығынан үйге келіп, есімнен танып қалдым. Сосын жедел жәрдем шақыртып, мені осында алып келді. Тексеріс жүргізгеннен кейін тырысқақ дерті анықталды.

Акрам Абдулла Әл-Салам, жергілікті тұрғын:

- Қолымдағы мына қыз күнделікті тамағынан бөлек бөтен ештеңе жеген жоқ. Бірақ бүгін таңертең көп құсып ауырды. Одан кейін іші өтіп, мазасы қашты. Мына балада да дәл сондай белгілер байқалған соң, екеуін бірдей осында алып келдік.

Іштің өтуі мен жүректің айнуы – тырысқақ дертінің басты белгілері. Дер кезінде емдемесе, адам өліп кетуі мүмкін. Ауру негізінен лас суды ішкеннен және инфекция түскен астан туындайды. Сондай-ақ шалшық суда жуынған кезде де жұғуы мүмкін. Яғни, бір сөзбен айтқанда, таза ауызсу жетіспейтін, санитарлық тазалық сақталмаған жерде тез тарайды.

Тариқ Ясаревич, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми өкілі:

- Сонымен қатар елде қоқыс тазалау қиындап, көптеген жерде кәріз жүйесі істен шыққаны белгілі. Тіпті кәріз суы басқа мақсатта қолданылып жатыр. Осының барлығы да тырысқақты қоздыратын негізгі себептер.

Жалпы, дәрігерлердің айтуынша, тырысқақ дертіне шалдыққандарды дер кезінде емдесе, 99 пайыз жағдайда құлан таза айығып кетеді. Алайда ауызсу мен дәрі-дәрмек мәселесі шешілмейінше, бұған қол жеткізу қиын-ақ. Өйткені халықтың 19 миллионы ауызсуға зәру. 

Авторы: Бақыт Топтаева 

Хабар 24 телеарнасы