384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда қаңғыбас иттермен күрес күшейтілді

  • 541
  • UPD: 10:37, 03.04.2019

Өзбекстан қаңғыбас иттермен күресті күшейтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті Ташкент қаласындағы арнайы жасақ қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейді. Елде қару-жарақ қолдануға мүлдем тыйым салынған. Сондықтан жабайы иттер тек қолмен ауланады. Былтырдың өзінде он үш мыңнан астам ит ұсталған. Соның нәтижесінде қала аумағында аса қауіпті құтыру дерті тіркелмеді дейді мамандар.

Қанат Жүнісбеков, тілші:

– Ташкент қаласының аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулайтын арнайы топ құрылған. Қазіргі таңда 11 жасақ тәулік бойы қызмет етеді. Көпшілік тарапынан қоңырау болса оқиға орынан жетіп барып қаңғып жүрген иттер мен мысықтарды аулайды. Адамдарға қауір төндіретіндері болса арнайы орындарға әкеліп заласыздандырады.

Жабайы иттерді аулау жұмысына да нағыз шеберлер тартылады. Олар арнайы медициналық тексеруден өтіп, тіпті құтыруға қарсы екпе салынады екен. Өйткені Өзбекстанда қару қолдануға мүлдем тыйым салынған. Сондықтан төр аяқты мақұлықтарды көше-көшемен қуып жүріп, арнайы құралдардың көмегімен ғана ұстайды. Иесінен теперіш көріп онсыз да қаңғып кеткен ит пен мысық жаны ышқынғанда қайырылып келіп, қауып алуы да мүмкін, дейді мамандар.

Владимир Равдин,арнайы жасақ басшысы:

– Өздерінің иттерін таспен ұрып-соғып оған аса мән бермейтін азаматтар болады. Соның кесірінен мақұлық ашуланшақ болып қалады. Ол ызаланып, қауып алуы да мүмкін. Мен бұл салада көптен бері еңбек етемін, сондықтан иттің жай-жапсарын жақсы білемін. Өзім де үйде асыл тұқымды иттер асыраймын.

Өткен жылы Ташкентте 1742 адамды ит қауып алған. Оларға дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетіліпті. Соның негізінде аты жаман ауру тіркелмеген. Арнайы жасақ қызметкерлері былтырғы жылы қала аумағында иесіз жүрген 13144 қаңғыбас ит пен мысықты аулапты. Ұсталған мақұлықтар бес күннің ішінде иесі келсе қайтарылады екен. Болмаса арнайы орындарға өткізіледі.

Умаржон Миракбаров, бригадир:

– Алдыңғы жылдарға қарағанда қаңғыбас иттердің қарасы азайды. Мен өзім осы салада 7 жылдан бері еңбек етіп келемін жағдай жақсарып келеді. Дегенмен сақтық қажет. Осы жерде ас-ауқатын беріп қараймыз. Бұларға да көңіл қажет.

Жалпы Өзбекстанда ветеринариялық салаға көп көңіл бөліп келеді. Қала мен даладағы жасақтар қажетті техникалармен жабдықталған. Жабайы иттерді уақытша ұстап, залалыздандыратын арнайы орындар да бар. Биылғы жылы қала аумағында он мыңнан астам қаңғыбас ит пен мысық аулау жоспарланған. Дегенмен Ташкенттік ит аулаушылар көпшілікті жеті қазынаның бірі саналатын иттеріне мұқият қарауға үндеп отыр. 

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Тимур Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы